Биыл Оспан батырдың туғанына 120 жыл толуына байланысты “Ер Жәнібек ”  халықаралық қоғамдық қоры жыл басынан бері Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп бірқатар мәдени іс-шаралар өткізіп келеді. Алдағы күндері қор ұжымы Жазушылар одағымен бірлесіп,  аталмыш шаралардың көшін жалғастырып, өнер сүйер жұртшылықты маусымның 19 күні өтетін белгілі ақын-жазушы, публицист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытбек Бәмішұлының “Алтын Аралдың Арғымақтары” атты шығармашылық кешіне шақырады.

Шығармашылық кеш Алматы Ұлттық кітапханасында өтеті. Уақыты: 19 маусым, сағат 16:00 де.

Бақытбек Бәмішұлы: Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмынында Үлкен Теміртінің Норты жайлауында  1958 жылы 25 мамырда дүниеге келген. 1975 жылы Бұлғын сұмындық 8 жылдық, 1977 жылы Ұланбатыр қаласында Хосе Марте атындағы 52- ші он жылдық орта мектепті бітірген.  1977 жылы Ресейдің Ленинград (Санкт-Петербург) қаласында Политехникалық институттың дайындық курсында оқып, академик Образцов атындағы Темір жолдар институтын 1983 жылы тамамдап, инженер-электрик мамандығы бойынша «автоматика, телемеханика және байланыс» маманы болып шығады. Моңғолияның Мемлекеттік Университеті жанындағы Басқару қызметкерлерін даярлау институтын тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты, ақын-жазушы, публицист, аудармашы,  Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.  Халықаралық «Көш» газетін бірнеше жыл басқарды. «Minber.kz» ұлттық интернет газетінің атқарушы редакторы. Алматы «Метрополитен қызметкері. «Махмуд Қашқари және моңғол тілі» және «Моңғолия қазағының тілі: әлеуметтік қыры» атты монографиялар жазды. О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне, ал моңғол ақыны Р.Чойномның «Алтай» дастанын, түріктің халық ақыны Қараожалан, түркімен ақыны Ораз Ягмуров өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Мәңгі көк аспан астында» (1998 ж), «Тұмарлы таң» (2003 ж), «Бай Бұлғын жерім-ай» (2008 ж), «Оспан батыр» (2008 ж), «Айторы ғұмыр» (2012 ж), «Азанбай абыз» (2013 ж), «Зуқа батыр – аласапыран замана арыстаны» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Ажалсыз адам» (2016 ж) атты әңгімелер мен хикаяттар, «Алтын аралдың арғымақтары» (2018 ж) өлең-роман кітабы жарық көрді. «Байбесік тұмалары» (Е.Ақберенмен бірігіп), «Шер – шежіре», «Таразы», «Ләу» қатарлы жинақтарды құрастырды. Оннан астам өлеңдеріне ән жазылды.

“The Qazaq Times”