Сайлау күні болған наразылық акцияларында 500-ге жуық адам ұсталды.

Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Алматы мен Нұр-Сұлтанда болған митингтерге қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, наразылық акциясы кезінде 500-ге жуық адам ұсталған. Қожаев алаңға жиналған халықты "арандатушылар" деп атап, олардың барлығы заң алдында жауап беретіндігін айтты.

"Полиция өздерін заңға сай ұстады. Адамдарды ұстағанда ешқандай құрал пайдаланған жоқ. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан "адамдар полиция қолынан қаза тапты" деген ақпараттар шындыққа жанаспайды" - деді Қожаев.

Маусым айының 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы кезінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында наразылық акциялары өтіп, полиция жүзден аса адамды ұстады. Бұған дейін ІІМ сайлау күні полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтіндігін мәлімдеген.

"The Qazaq Times"