Нормандиядағы неміс басқыншылығына қарсы одақтастар операциясының 75 жылдығы Францияда аталып өтті.
Associated press басылымының хабарлауынша, салтанатты шараға алғаш болып Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй жеткен. Қос елдің басшылары осы шайқаста қаза тапқан ағылшын жауынгерлеріне арналған ескерткіштің алғашқы тасын қалады. Макрон сөзінде: «75 жыл бұрын 25 мыңға жуық ағылшын жауынгері Францияны азат ету үшін неміс басқыншыларына қарсы ірі операцияға қатысты. Олардың бәрі таңсәріде қарша бораған оқ пен үлкен кедергілерге қарамастан алға ұмтылды. Біз бостандығымыз үшін күрескен жауынгерлерді ешқашан ұмытпаймыз», – деді. Енді осы шара аясында тағы бір мерейтойлық басқосу АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Кольвиль-сюр-Мерде өтеді.
1944 жылы 6 маусымда одақтас елдер неміс әскеріне қарсы ең ірі теңіз операциясын бастаған. Нормандия жағалауына 156 мың сарбаз түсірілді. Оларға 195 мың теңізші қолдау көрсетіп, 11 жарым мыңнан астам ұшақ пен 7 мыңға жуық кеме жұмылдырылған еді.