Америка Құрама Штаттары Тайуанға (Тайвань) құны 2 млрд доллар тұратын қару-жарақ сатып беруді жоспарлап отыр. Трамп үкіметінің Конгреске қару-жарақ сату туралы алғашқы жобасын ұсынған. Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, Тайуанға сатылатын қарулардың қатарында General Motors компаниясы жасаған алғашқы M1A2 Abrams танкілері мен танкке қарсы зымыран батериялары да бар.
Reuters ақпараттық агенттігі бұндай мәліметті аты-жөнін білдіргісі келмеген 4 бірдей жоғары лауазымдының мәліметіне сілтеме жасай отырып таратқан. Алайда, осы хабар тараған күні кеште Тайуанның АҚШ-тағы өкілі Гау Шуотай мәлімдеме жасап: «Тайуан тарабы бұл туралы әлі де толық мәліметке ие болған жоқ. Сондықтан, қару-жарақ сату және сатып беру туралы анық түсінік бере алмаймыз», – деген.
Дегенмен ол АҚШ үкіметінің Тайуан қорғаныс қабілетін жоғарлатып, ықтимал қатерлерге қарсы тұру қуатын арттыруына көмектесуін қуаттаған. Әрі бұл Үнді-Тынық мұхит аймағының ашық, қауіпсіз және тұрақты болуы үшін де маңызды екенін атап көрсеткен.
Бұл ақпараттар мен мәлімдемелерден кейін көп өтпей Bloomberg агенттігі де соған ұқсас хабар таратты. Бұл ақпарат агенттігі АҚШ пен Тайуан арасындағы қару-жарақ саудасына қатысты тұлғаның біріне сілтеме берген. Мәліметке қарағанда, кезекті қару саудасында 108 танкіден тыс, танкіге қарсы TOW-II зымырандарынан 1240 дана, Javelin анти-танк зымырандарынан 409 дана, сондай-ақ 250 дана «Стингер» зымыраны да бар.
Кезекті қару-жарақ саудасы туралы жобаны Конгресс 30 күн ішінде қарап мақұлдауы тиіс. Ал, Тайуан тарабы сатып алуға өтініш еткен F-16 ұшақтары бұл реткі қару саудасына кірмейді. Аталған ұшақтарды сатып беру ісі әлі де АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік департаментінің талқылауында.
Бейжің билігі АҚШ пен Тайуан арасындағы қорғаныс ынтымақтастығы мен қару-жарақ саудасына қарсы болып келеді. АҚШ-Тайуан арасындағы жаңа қару саудасы Бейжіңнің наразылығын өршітеді деп қарайды сарапшылар.