Бір уақыт соғыс қаупіне жақындай түскен АҚШ-Иран қайшылығы келіссөзге бір қадам болса да жақындай түсті. Өткен аптаның соңында екі тараптың жоғары лауазымдылары келіссөз, диалог туралы көбірек сөз етті. Алайда, бір тарап шартты келіссөзді талап етсе, бір тарап шартсыз келіссөзге ұмтылады.
Ақ үдегі президент кабинетіне Дональд Трамп отырғаннан бері, АҚШ-Иран қарым-қатынасы қайшылыққа ұласты. Бұл қайшылық Трамптың 2015 жылғы Иранмен 6 ел қол қойысқан келісімнен біртарапты шығып кетуімен басталды. Бұдан кейін Трамп Теһранға қарсы экономикалық санкцияларды қалпына келтірді. Нәтижесінде Иран экономикасы тұралай түсті. Ал, мұнай экспортын толықтай тұншықтыруға бағыттаған шешімі Иранды дағдарысқа ұшыратты.
Мамыр айында АҚШ пен Иран қайшылығы соғысқа бір-ақ қадам жақын түрді десе де болады. Себебі, АҚШ Орта Шығыстағы әскери күштерін көбейтті, Иран болса АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери кемесін атып тастауға дайын екенін жеткізді. Бұл жағдай Шығанақ мұнайына тәуелді Батыс елдерін де, Иранмен көршілес және мүдделес аймақтағы елдерді де алаңдатты. Дегенмен, жақын күндері келіссөздің үміт ұшқыны байқалды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Швейцарияда жасаған мәлімдемесінде АҚШ Иранмен шартсыз келіссөздер жүргізуге дайын екенін жеткізді. Алайда, Помпео мәлімдемесінде келіссөздер АҚШ-тың Иранға бағытталған саясатының түбегейлі өзгергенін білдірмейді деген сыңай танытты.
«Біз Иранмен шартсыз келіссөзге дайынбыз. Олармен отырып кеңесуге дайынбыз... Құрама Штаттар осы бір ислам республикасының және революция күштерінің қатерлі әрекеттерін өзгертуді жалғастыра береді», – деді. Ол және: «Ирандықтар өздерінің қалыпты бір мемлекеттер секілді өмір сүргісі келетінін әрекеттерімен дәлелдей алса, Құрама Штат диалог жүргізуге дайын», – деген.
Алайда, Иран СІМ басшысы Мохаммад Жават Зариф америкалық ABC News тілшісіне берген сұхбатында Иран мен АҚШ арасында «жаңа келіссөздің орнауы мүмкін емес» екенін айтқан еді. Ол сөзінде: «Келіссөз, бұл – қысымның жалғасуы. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істей, Иранмен болған қарым-қатынасқа жұмыс істемейді», – деген. Иран президенті Хасан Рухани де Құрама Штат Иран мәселесінде ұстанымын өзгертпесе, келіссөз жүргізу мүмкін емес деген ойын айтқан.
Помпео кезекті мәлімдемесінде Иранды уран байытуды, ауыр су реакторын қайта өңдеуді тоқтатуға шақырған. Сонымен бірге, Иранның бұған дейінгі барлық әскери ядролық бағдарламаларын ашық жариялап, барлығын түбегейлі жоюға шақырған.
Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік өткен жұмада екінші тоқсанға арнаған есебін жария етті. Аталған агенттік өз есебінде Иран 2015 жылы қол қойылған келісімді сақтап келе жатқанын және ондағы шектеулерді бұзбағанын айтқан. Мамырдың орта шенінде, Иран үкіметі өзінің келісімге сай әрекет етіп келе жатқанын, егер 60 күн ішінде өзге елдер келісімге құрмет етіп, Иранды санкциядан қорғаудың жолын көрсете алмаса, уран байытуды жалғастыратынын мәлімдеген еді.
Помпео Швейцарияда «Дүние элитасы» аталған Билдерберг клубының жиналысына қатысты. Әлемнің ең ықпалды 130 тұлғасы қатысқан жиналыста да АҚШ президенті Дональд Трамптың Мексика шекарасына қорған тұрғызу, миграция, сауда-экономикалық және Иранға бағытталған саясаттарын сынға ұшыраған.