Қытай мен Ресей үкіметтері Құрама Штат бас болып ұйымдастырған Израиль-Палестина бейбітшілік жоспарының экономикалық бөлімі саналатын "Манама саммитіне" бойкот жаиялау туралы келіскен. Бұл мәліметті Палестинадағы Қытай өкілі Палестина үкімет жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Набиль Шаспен кездесуде ортаға салған. АҚШ бас болып ұйымдастырған аталған саммит Бахрейнде өткізіледі деп жоспарланған болатын. 

Палестинаның ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, Қытай өкілі Гуо Вей Бейжіңнің Шығыс Иерусалимді Астана еткен және 1967 жылғы шекараға сай тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтынын жеткізген. Алайда, Израиль үкіметі Шығыс Иерусалимді өзінің астанасы ретінде қарастырады. АҚШ президенті Трамптың Шығыс Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындау туралы шешімі халықаралық дау туғызған еді.

Өткен аптада Трамп үкіметінің лауазымды тұлғалары, "Ғасыр келісімі" деп аталатын АҚШ-Израиль бейбітшілік жоспарын жариялады. Сондай-ақ, Израиль мен Палестина бейбітшілік жоспарын экономикалық бөлімін талқылау үшін Бахрейн орталығы Манамаға саммит ұйымдастыратынын жеткізген. Бұл саммитте Ақ үйдің жоғары кеңесшісі әрі президенті Трамптың күйеу баласы Кушнер мен АҚШ-тың Орта-Шығыстағы арнайы өкілдері қатысады.

Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі және өзге бірқатар елдер аталған саммитке өкілдерін жіберетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Бахрейндегі бас қосуға кейбір елдердің қаржы саласындағы лауазымдылары мен іскер топ жетекшілері қатысады деп күтілуде.

Палестинаны азат ету ұйымы АҚШ пен Израиль ортасында ғана жасалған аталмыш жоба және оның саммитіне қатыспайтынын, сондай-ақ, қандайда бір шешімін мойындамайтынын білдірген болатын. Палестина үкіметінің басшылары бұл саммит туралы пікір білдіріп, "Манама саммиті" Палестина мен Израиль қақтығысының негізгі себептерін, айталық, соңғы шекара, Иерусалим мәртебесін және Палестина халқының тағдыры туралы талқыға салмайтынын сынға алды. Олардың айтуынша Израиль мен Палестина арасында бейбітшілік орнатудың негізі оккупацияны тоқтатып, ең маңызды саяси мәселелерді шешуі болып табылады.

“The Qazaq Times”