АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа ғана таққа отырған Жапония императоры Нарухитомен кездескен алғашқы шетелдік лидер болды. Жапон патша әулетінің тағында отырған Нарухито дүйсенбіде еліне сапарлай келген АҚШ президентін қабылдады. Президент Трамптың Жапония сапары маңызды мәлімдемелерге толы болы.
Трамптың бір мақсаты сиыр еті экспорты туралы келісім
АҚШ президентінің Жапония сапары сенбі күні басталған болатын. Ол жексенбіде Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абемен гольф ойнай жүріп, екі ел арасындағы күрделі сауда келісімінің кедергілерін жеңілдетуге тырысты. Сауда келіссөзінен кейін Трамп "Твиттер" парақшасында табысты келіссөз болғанын жеткізген еді. Дегенмен, келіссөздің көптеген тармақтары Сенаттың қарауына жіберілген, бұл толыққанды келісім болмағанын көрсетті. Жапония мен АҚШ арасында кейбір импорт-экспорттық тауарлар туралы қайшылықтар сақталып отыр. Әсіресе, Трамп бұл рет Жапонияға сиыр етін экспорттау келісіміне келуді мақсат ете барған. Гольф алаңында екі ел басшысының жеген тағамдарына да америкалық сиыр етінің қосылғаны да "саяси әңгімеге" айналды.
Президент Трамп сауда-экономикалық келіссөзден тыс, Жапония премьер-министрімен бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелер туралы да кеңес өткізді. Солардың қатарында Солтүстік Корея және Иран мәселесі де бар. Жапония үшін Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануы аса маңызды. Бұл ретте Жапония АҚШ-КХДР арасындағы ядролық қарусыздануға байланысты келіссөздердің жалғасуына мүдделі.
"Солтүстік Кореядан қауіп жоқ"
Ең қызығы, АҚШ президенті мен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің Солтүстік Кореядан төнетін қауіп-қатерге байланысты көзқарасы бірдей емес. Трамп Шинзо Абемен кездесу кезінде Солтүстік Корея басшысына деген сенімінің әлі де бар екенін ашық айтты. Оның айтуынша, соңғы зымыран сынақтары КХДР басшысы Ким Жоң Унның келіссөзден толықтай бас тартқанын білдірмейді. Ол және Токиодағы мәлімдемесінде, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтонның сөздерін жоққа шығарды. Бұдан бұрын Болтон жапониялық журналистерге берген жауабында: "Солтүстік Корея жақын арада БҰҰ қарарын бұза отырып, қысқа қашықтыққа арналған зымыран сынақтарын өткізеді", – деген болатын.
"Иран сөйлесуге дайын болса, бізде дайынбыз"
Сондай-ақ, президент Трамп кезекті Жапония сапарында Иран мәселесі туралы да маңызды мәлімдеме жасады. Ол журналистерге берген жауабында: " Премьер-министр (Шинзо Абені меңзеген – ред.) бұл мәселе туралы менімен әңгімелесті. Мен Иранның келіссөз жүргізуге дайын екендігіне сенімдімін. Егер Иран сөйлесуге дайын болса, біз де дайынбыз. Біз күтіп көреміз. Бірақ, мен премьер-министрі мырзаның (Шинзо Абені меңзеген ред.) Иран басшылығымен тығыз қарым-қатынаста екенін білемін", – деген. Ол осы мәлімдемесінде Жапония премьер-министрінің АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзге дәнекер болуын сұраған.
Бүгінгі кеңейтілген отырыста, президент Трамп пен Шинзо Абе бастаған делегациялар екі ел арасындағы сауда және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық келісімдерін талқылады. Жапония АҚШ-пен қорғаныс саласындағы қорғанысты тереңдетуді қалайды. Және екі ел арасындағы альянстың ашық болуын үміт етеді.