Америкалықтардың жартысы АҚШ пен Иран қақтығысы соғысқа ұласады деген ойда.
Ipsos компаниясының сауалнамасына қатысқан азаматтардың 51%-ы осындай болжам жасаған. Пікір білдіргендердің 60%-ы соғысты бірінші болып Иран бастайды дейді. Сонымен қатар, 70% тұрғын Иран бірінші болып соққы жасаған жағдайда, АҚШ есесін қайтарып, соққы жасауға тиісті екендігін айтқан. Ал 39%-ы АҚШ Иранға қарсы ауқымды соғыс операциясын жүзеге асыруы тиіс десе, жалпы қатысушылардың 53%-ы Теһран билігін АҚШ-қа қауіп төндіруші күш деп есептейді.
Соңғы уақытта Уашингтон мен Теһран байланысы ушыға түсті. Мамырда Трамп Ақ үйде ресми мәлімдеме жасап: «Иран терроризмді демеуші мемлекет. Бұл үшін өз халқының әлеуетін пайдаланып отыр. Иран режимі «Хизбулла», «Хаммас», «Талибан», «әл-Каида» ұйымдарының қолдаушысы», – деген. Ал Иран ядролық келісімі туралы сөзінде: «Бұл келісім адамды ұялтатын біржақты келісім. Егер мен бұл ядролық келісімге рұқсат берсем, Таяу Шығыс қаруланады. Бұл келісім Иранның өңірдегі амбициясын тоқтата алмайды, Иранның ядролық қаруын бұл шіріген келісіммен жоғалта алмаймыз», – деп жауап қайтарды.
Трамп осы айыптаулардан кейін аса маңызды шешімін жария етіп, ядролық келісімінен бас тартатынын және Иранға бағытталған санкциялардың қайта іске қосылатынын мәлімдеген. Екеуара диалог дауға ұласқан тұста, Иран тарапы ядролық келісімдегі бірқатар талаптарды орындаудан бас тартты. Әсіресе, уран байытуға қатысты міндеттемелерді орындауға тиіс еместігін алға тартты. Яғни АҚШ ядролық келісімнен шығып, санкцияларды күшейтетін болғандықтан осындай қадамға баратынын жеткізді. Бұл ретте ресми Теһран ядролық келісім дауына қатысты Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Ресейге мәселені реттеу үшін 60 күн уақыт беріп отыр.