Алматыда XVI Еуразиялық медиа форумның екінші күні басталды.

Жиынның алғашқы күні шетелдік медиа-сарапшылардың тақырыптық шеберлік дәрістерімен басталса, екінші кезең халықаралық өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ауқымды конференцияға ұласты.

«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» тақырыбына арналған медиафорум аясында өткен алғашқы шеберлік сабағы экологиялық журналистикаға арналды. Дәрісте экология мәселесін жазғанда дерек көздерінің дұрыс таңдалуы, жаһандану кезеңіндегі басты мәселе, экология мен экономика маңыздылығы жайлы айтылды. Осы тақырыпта сөз қозғаған франциялық журналист, Reuters агенттігінің тілшісі Нельсон Грейвз: "Біз бүгін климаттың өзгеру мәселесіне басымдық бердік. Бұл тақырып Еуропада да, Батыста да жиі талқыланады. Алайда бүгін мен сіздердің елдеріңізде де ауаға лас қалдықтар жіберілетінін естідім. Ия рас, қалалар дамып жатыр, өндіріс өсуде, автокөліктер көмірқышқыл газын бөліп жатыр ауаға. Егер ақпарат құралдары бұл проблеманы жиі көтерсе, ғаламдық мамандар назар аударатыны сөзсіз. Олар климатты сақтаудың жолдарын іздейді. Ең бастысы ақпаратты бере білу керек", - дейді.

Цифрлық журналистика тақырыбында сөз қозғаған австралиялық журналист Иво Бурум: " Шынайы қарым-қатынас өте маңызды. Әрине, робототехника өмірімізге еніп келеді. Бірақ біз оны тиімді қолдана білуіміз керек. Журналистің, диктордың ақпарат жеткізуші екенін ескерсек, мұнда робот емес, нақты маманның рөлі маңызды", - деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, ұлыбританиялық фриланс-журналист Дженни Климан медиакеңістік, цифрлық жүйенің келешегі туралы, ал ресейлік кинопродюсер Сергей Бодров кино саласындағы жаңашылдық жайлы дәріс оқыды.

Биыл халықаралық геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыға түсетін форумда 43 елден келген 500-ге жуық сарапшы бас қосты. Форумның екінші күні жасанды интеллект, де-глобализация, медиа жаңашылдық тақырыбында жалғасты.

 

"The Qazaq Times"