Еуразиялық медиа форумының қорытынды күні ұлтжандылықтың ғаламдық трендтері мен әлемдегі алпауыт елдердің сыртқы саясаты төңірегіндегі қызу пікірталаспен басталды. Басқосуға қатысқан АҚШ президенті Дональд Трамп сайлау штабының басшысы және бұрынғы аға-кеңесшісі Стив Бэннон АҚШ-та 2020 жылы өтетін  АҚШ президент сайлауына қатысты пікір білдірді.

"2020 жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауы тартысты болмақ. Билікке ұмтылғандардың қызу бәсекесіне куә боламыз. Ал, өзіме келер болсам, ол сайлауда АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың жеңіске жететініне сенемін", - деді ол.

Сондай-ақ, Стив Бэннон Алматыда өтіп жатқан XVI Еуразиялық медиа форумға қатысты әсерімен бөлісті.

"Қазақстандағы Еуразиялық медиа форум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Модераторлардың да деңгейі жоғары, әрі кездесулерде талқыланатын тақырыптар да бүгінгі күн үшін өзекті. Жалпы, мен панельдік сессияларға жиі қатыса бермеймін. Бүгінгі медиа форумға қатысқаным қызықты болды.  Форум ұйымдастырылуы жағынан алғанда Нью-Йорктегі, Вашингтон, Колумбияда өткен басқосулардан кем түскен жоқ. Бұл жерде сол қалалардағы пікірсайысқа қатысқандай әсер алдым", - деп атап өтті Стив Бэннон.

Айта кетейік, XVI Еуразиялық медиа форумы 22-24 мамыр аралығында Алматыдағы TheRitz-CarltonAlmaty алаңында өткен боатын. "Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?" тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер талқыға түсті.  Аталған Еуразиялық медиа форумға биыл əлемнің 60 мемлекетінен 500-ден астам делегат қатысты.

"The Qazaq Times"