ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов АҚШ-қа не үшін барды?
Сәуір айының 26-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов іссапармен Уашингтонға барды. Сол уақытта бұл жөнінде Қазақстанда бір де бір ресми БАҚ мардымды ақпарат таратқан жоқ. Тек «Азаттық радиосы» ғана қысқаша мәлімет жариялады. Оның өзінде АҚШ Мемлекеттік департаменті аталмыш кездесуге байланысты мәлімет таратпағанда бұл сапар жөнінде қалың жұртшылық білмей де қалар еді.
«Майк Помпео Қазақстан президентінің арнайы өкілі Кәрім Мәсімовпен билік транзиті, алда келе жатқан президент сайлауы және терроризммен күрес жөнінде келіссөздер жүргізді» - делінген АҚШ Мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Мәсімов пен Помпео кездесуі жөніндегі ақпаратты қалың жұртшылық назарына не үшін ұсынғандығы бесенеден белгілі жайт. Себебі Уашингтон осы арқылы Мәскеу мен Бейжіңге өздерінің Орталық Азия аумағында әлі де болса бар екендіктерін және қарқынды жұмыс істеп жатқандықтарын көрсетуге тырысуда.
Ал енді Қазақстан атынан АҚШ-қа не себепті Кәрім Мәсімовтың барғандығы беймәлім. Бұл жерде тек болжам жасауға ғана болады. Негізі Мәсімовтан бөлек аталмыш миссияны атқаруға лайықты үш адам бар. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мәмин және СІМ Бейбіт Атамқұлов. Бірақ жоғарыда аталған үш тұлғаның үшеуі де Помпеомен кездесуге барған жоқ. Олардың бармауына себеп те жоқ емес. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев қазір алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауына байланысты ел аралап, өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Асқар Мәмин онсыз да жағдайы мәз емес экономика мәселелерімен бас қатыруда. Ал Бейбіт Атамқұловтың ондай кездесулерге баруына саяси салмағы жеткіліксіз екендігі айтпаса да түсінікті. Бұдан бөлек АҚШ-қа басқа-басқа емес, дәл Кәрім Мәсімовтың баруы оның «тұңғыш президент» Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді серіктерінің бірі екендігін көрсетеді.
Жалпы, Ақорда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен сәттен бастап сыртқы саясатта өзінің бұрынғыша көп векторлығын бұдан әрі де жалғастыра беретіндігін сырт елдерге дәлелдеп бағуда. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең алғашқы іссапарын Мәскеуден бастады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев жақында Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу-бір жол» саммитіне қатысып, Қытай басшысы Ши Жиңпиңнің қолынан «Достық» орденнін алды. Ал Кәрім Мәсімов болса, жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан президентінің сенімді өкілі ретінде АҚШ-қа іссапармен барды. Бір қарағанда бұл кездесулер мен іссапарлардың бір-бірімен ешқандай қатысы болмауы мүмкін. Бірақ АҚШ, Ресей және Қытайдың Орталық Азияда ұзақ уақыттан бері «үлкен ойын» жүргізіп келе жатқанын ескерсек, бұл қадамдардың синхронды жүріп жатқанына көзіңіз жетеді.