Өзбекстан билігі он жылдан астам уақыт бойы қолжетімсіз болған бірнеше оппозициялық және шетелдік сайттарды бұғаттаудан шығарды. Өткен аптада билік құқық қорғау ұйымдарының порталдары, сондай-ақ басқару режимін сынға алған шетелдік БАҚ-тар үшін еркін хабар тарату және ой еркіндігі туралы шешім шығарды.

Дегенмен, ресурстарды бұғаттаудан шығару билік тарапынан көрнекі қимыл болуы да мүмкін. Мемлекет аумағындағы кейбір оппозициялық және жаңалықтар сайттары әлі де қолжетімді емес. Мысалы, өзбек тіліндегі «Азаттық» радиосының сайты бұғатта тұр. Жақында Өзбекстан сотының шешімі бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен баспасөз басылымдарын қолдау қорының төрағасы, журналист Саидаблазиз Юсуповтың қамауға алынуы да плюрализм туындатады. Юсуповтың қамалуына қатысты өзбек журналистері мен блогерлері «билік шындықтан қорқып, жалған айып тағапы отыр» деп, оны босатуды талап етті. Бұл жайт баспасөздегі цензураның әлі де көш бастап тұрғандығын білдірсе керек.

2016 жылдан бастап Өзбекстан билігі жаңа реформалар аясында бірқатар ілгері қадамдарға барды: саяси рақымшылық жариялады, туризмді дамыта бастады және елге шетелдік инвестицияларды тарту туралы бағдарламаларды енгізді. Сол жылы сәуірде ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Гарлем Дезир Өзбекстан билігін бірқатар сайттарды бұғаттан шығаруға және ақпаратқа қол жеткізу, пікір білдіру бостандығын реттейтін нормативтік актілерді өзгертуге шақырған.

Биыл 10 мамырда Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар жөніндегі агенттігінің басшысы Комил Алламжонов «Deutsche Welle», ВВС, «Америка дауысы» сынды ақпарат агенттіктеріндегі Өзбек қызметінің сайттарына қолжетімділікті қалпына келтіру туралы шешімді жария етті. Eurasianet.org, Amnesty International, Human Rights Watch және «Шекарасыз репортерлер» құқық қорғау ұйымдарының сайттары да қолжетімді болмақ. Осы уақытқа дейін биліктегі әдлетсіздікті әшкерелеген басылымдар мен шетелдік сайттардың бұғатталуына қатысты пікір білдірген Аламжонов аталған сайттардың барлығы «техникалық қателікке» байланысты істен шыққанын айтып, қысқа қайырды.

Өзбекстан билігіндегі теріс әрекеттерді әшкерелеген оппозициялық және шетелдік БАҚ-тар 10 жылдан астам уақыт қолжетімсіз болды. Фото: ВВС

Өзбекстан 2005 жылы бірқатар жаңалықтар мен аналитикалық онлайн-ресурстарды бұғаттай бастады. Сол кезде Батыс Еуропа, АҚШ-тың бірқатар елдері, құқық қорғау және халықаралық ұйымдар Әндижан қаласында болған қақтығыс кезінде Өзбекстан билігінің іс-әрекеттерін қатаң айыптады. Сол оқиғалардың барысында 200-ге жуық адам қаза тапқан және ақпарат құралдарының еркін хабар тарату мүмкіндігі шектелген. Тәуелсіз комментаторлар, оппозициялық және шетелдік БАҚ-тар Өзбекстанда көптеген жылдар бойы техникалық қиындықтар мен сөз бостандығының шектелуіне қарсы наразылық білдірген болатын.

Оппозициялық сайттардың «құлпын ашу» қазіргі президент Шавкат Мирзиеев саясатындағы бетбұрыс. Ол Өзбекстанды 25 жыл басқарып, «әлемдегі ең репрессивті мемлекеттердің біріне айналдырған» Ислам Каримовтың орнына 2016 жылы келген. Мирзиеевтің басқаруындағы Өзбекстан экономикасын баяу қалыпта болғанмен, баспасөз бостандығы бойынша Дүниежүзілік индексте жоғары сатыға көтерілді. Сол жылдан бастап Өзбекстан билігі елге туристер мен шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған көптеген бағдарламаларды жүзеге асырды. Бұл әрекет Ташкенттің мемлекеттік цензураны бірте-бірте әлсірететінін білдіреді. Сонымен қатар, осы қадамға әлеуметтік желілердің дамуы да әсер етуі мүмкін. Өйткені, бұғатталған веб-сайттардағы контенттің маңызды бөлігін БАҚ беттерінен ғана емес, Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік платформалардан алуға болады. Соңғы уақытта әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде сайттардың бұғатталуын тоқтатуға бағытталған үндеулер жиі айтылып жүр. Facebook пайдаланушылары Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары болып тағайындалған президент Мирзиееваның қызы Саида Мирзиееваның хабарламалары мен посттарына сөз бостандығына қатысты пікірлер қалдырған.

2016 жылдан бастап Өзбекстан билігі елге туристер мен шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған көптеген бағдарламаларды жүзеге асырды. Фото: Google

Бетбұрыс нені білдіреді?

Өзбекстан үкіметі алдағы уақытта өзге де блокталған сайттар тізімін жариялап, оларды қайта қалпына келтірмек. Үкіметтің бұл қадамына қатысты пікірлер екіге бөлінді. Орталық Азия бойынша зерттеу жүргізетін «Human Rights Watch» өкілі Стив Свердлов сайттарды бұғаттан шығару – Өзбекстанда сөз бостандығы үшін маңызды қадам деп атады. Оның пікірінше, Мирзиеевтің БАҚ саласына қатысты реформалары әлі күнге дейін ақпарат құралдарын шектейді, бірақ салыстырмалы түрде өзге посткеңестік мемлекеттерге қарағанда даму деңгейі едәуір жоғары. Бұғатталған Fergana.ru сайтының бас директоры Даниил Кислов: «Өзбекстанның сөз бостандығына деген қадамын құптаймын. Бұл шешім – президент жүргізіп отырған реформалардың нәтижесі. Бұрынғы басшылықта сөз еркіндігіне ие болу мүмкін емес еді», – дейді.

Өзбек ВВС қызметінің бас редакторы Хайрулло Файз: «Өзбекстанда бәрі жақсы деп айтуға болады. Ислам Каримовтың заманымен немесе үш жыл бұрын болған жағдайды салыстырсақ, әлдеқайда еркін бола бастадық. Журналистер мен сыни жарияланымдарға жиі жүгінетін оқырмандардың әлеуметтік желілерде белсенділігі артты. Менің ойымша, бұл қазіргі үкіметтің маңызды шешімдерінің бірі. Үш жыл бұрын біз бұл туралы армандаған жоқпыз. Билік сөз бостандығынсыз басқа реформалар қажетті нәтиже бермейтінін сезіне отырып, осы қадамға барды деп үміттенеміз», – деп атап өтті. Сондай-ақ, журналист сөзінде «Егер қазір Кәрімовтың уақыты болса, менің ойымша, журналистердің көбі қамауға алынар еді. Қазір біз, расымен, жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ кейбір блогерлер мен журналистерге қысым әлі де сақталатынын атап өту қажет. Өзбекстанда журналистік ынтымақтастықтың пайда болуы билктің уақыт талабына сай өзгере бастағанын білдіреді. Біраз жылдардан кейін билік еркін баспасөз феноменіне үйренеді», – дейді.

Өзбекстан билігінің бұл қадамына кей сарапшылар күдікпен қарайды. АҚШ-тағы өзбек саясаттанушы Рафаэль Саттаров: «БАҚ және құқық қорғау ұйымдарының сайттарын қайта ашу демократияландырудың немесе Алламжанов даналығының белгісі емес. Бұл қадам жай ғана Өзбекстан үкіметінің Германия президенті Штайнмайердің сапары алдында оң ахуал туғызу үшін бағытталған әрекет», – деп есептейді. Ал саясаттанушы Әлішер Ильхамовтың пікірінше, Мирзиеев тек қауіпсіз деп санайтын бұқаралық ақпарат құралдарын ғана қалдырып, биліктегі әділетсіздіктерді әшкерелейтін ақапараттармен күрес жүргізеді дейді. Ол сөзінде Өзбекстан БАҚ-тары мен журналистерін «журналистік этиканы құрметтеуге, расталмаған және дұрыс емес ақпаратты пайдаланудан аулақ болуға және негізсіз алыпсатарлық пен күмән тудырмауға» шақырды.

Түйін

Өзбекстан билігінің бұл шешімін ЕҚЫҰ қолдап, заң есебінде қабылдады. Freedom House, Human Rights Watch сынды халықаралық сөз бостандығын қадағалайтын ұйымдар да Өзбекстан дамушы елдер қатарында демократияға қол созған мемлекет деген баға берді. Аталған ұйымдар өзге де посткеңестік елдер осы үлгіге зер салып, сөз және ой бостандығына қол жеткізсе деген сенім білдіріп отыр.

"The Qazaq Times"