Ядролық келісімге қатысты даудан кейін АҚШ пен Иран қарым-қатынасына сызат түсті. Осыған байланысты Еуропалық одақ қос тарап қақтығысының алдын алмақ.

Reuters сарапшыларының пікірнше, АҚШ Иранды қорқыту мақсатында Таяу шығысқа әскери техникасын жіберді. Бірақ, Америка Иранға қарсы соғыс ашпайды. Бұл қақтығыс Израиль үшін де тиімсіз. Дегенмен, Еуропалық одақ елдері ядролық келісімге қатысты даудың қырғи-қабақ соғысқа ұласып кетуі әбден мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресейде жоспарланған сапарынан бұрын, Еуропалық одақтың Иранмен арадағы ядролық келісімі және Таяу Шығыстағы жағдайды талқылау мақсатында Брюссельге барды. Кездесу барысында Одақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Федерика Могерини: «Бұл мәселеге қатысты Еуропалық одақтың пікірін Майк Помпеоға ашық жеткіздік. Қазіргі таңда туындаған жағдай бізді алаңдатып отыр. Сол себепті, әрбір іс-қимылға шұғыл жауап бермес бұрын сабыр сақтап, келіссөз жүргізген маңызды. Яғни оның ішінде әскери қақтығыстың алдын алу үшін барынша абай болғаны жөн», – деп мәлімдеді.

Ресми Уашингтон Парсы шығанағындағы коммерциялық мұнай танкерлеріне ирандықтар шабуыл жасамақ болған деп хабарлады. Бұған Сауд Арабиясының екі кемеге зақым келгені жайлы мәлімдемесі себеп. Атап айтқанда, Араб Әмірліктеріне қарасты Фуджейра маңында бірнеше кемеге диверсиялық шабуыл жасалған. Бұған дейін АҚШ-тың теңіз әкімшілігі Иранның шабуылдауы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Сауд Арабиясының әлгі хабарынан кейін АҚШ дереу аймаққа әскери жойғыш ұшақтарын аттандырды. Ақ үй басшысы Дональд Трамп: Не болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Егер де Иран арам пиғылын іске асырса, бұған қатты өкінетін болады. Себебі, біз де қарап қалмаспыз. Нені меңзеп отырғанымды өздері де жақсы біледі», – деп ескерту жасаған. Трамптың бұл ескертуінен кейін, Үндістанда сапарда жүрген Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф: «Өкінішке қарай, қара аспанды төндіріп, жағдайды ушықтырып отырған АҚШ-тың өзі. Әскери шабуыл жасаудан аулақпыз. Бірақ өзімізді қорғауға қашан да дайынбыз», – деп жауап қайтарды. Ал бүгін Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменей: «Иран халқы АҚШ-қа қарсы тұру жолын таңдады. Бірақ бұл әскери немесе қарулы қарсылық емес. Соғыс болмайды. Бұл Иран мен АҚШ-тың сана қақтығысы. Бұл жерде біз күштірекпіз. Себебі, біз құдайға сенеміз», – деп хабарлады.

8 мамырда Иран тарапы ядролық келісімдегі бірқатар талаптарға бағынбайтынын мәлімдеген. Әсіресе, уран байытуға қатысты міндеттемелерді орындауға тиіс еместігін алға тартты. Яғни АҚШ  ядролық келісімнен шығып, санкцияларды күшейтетін болғандықтан осындай қадамға баратындықтарын жеткізді. Бұл ретте ресми Теһран Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Ресейге мәселені реттеу үшін 60 күн уақыт беріп отыр.

"The Qazaq Times"