Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу-Шығыстағы әскери базаларындағы әскери күштерді көбейтті. Оның айтуынша, Иран АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларына шабуыл жасауға дайындалуда.

Қазір Иранның экономикалық жағдайы тым мүшкіл халде тұр. Бұны ел президенті Хасан Рухани кезекті мәлімдемесінде растады. Ол тіпті қазіргі Иранның экономикасы Шығанақ соғысы кезіндегі жағдайдан да нашар екенін,  бұған АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық санкциясы себеп болғанын алға тартқан.  Президент Рухани сөзінде: «Соғыс кезінде банк жүйесінде, мұнай саудасында, экспортта еш мәселе шыққан емес. Тек қана қару-жарақ сатып алуға ғана шектеу қойылған болатын», – дейді.

Иран президенті экономикалық жағдайдың қиындауына ілесе, өзіне қарсы ішкі саяси күштердің де күшейе түскенін айта келіп, санкцияларға қарсы тұру үшін ел ішіндегі саяси күштерді бірлікке шақырған.

Мәселенің төркіні қайда жатыр?

Иранның экономикасы тарығып, әлеуметтік-саяси дағдарысқа қарай бет алғаны байқалады. Мәселенің төркіні тағы да АҚШ-Иран қарым –қатынасында жатыр. Екі ел қарым-қатынасының бүлінуіне тағы сол ядролық келісім себеп болып отыр.

2015 жылы Иранмен АҚШ, Британия, Франция, Германия, Ресей және Қытай қатарлы 6 ел келісімге қол қойды.  Бұл келісім бойынша, Иранның ядролық қаруға қол жеткізуге жасаған талпыныстары шектеулерге ұшырады. Есесіне, бұл елге бағытталған халықаралық санкция алынып тасталды.

Иран өзіндегі ядролық әрекеттерді бақылау үшін БҰҰ-ның бақылаушыларын кіргізуге келісті. Алайда, бақылаушылар алдын-ала рұқсат алуы керек еді.

Трамптың соңғы шешімі

АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр мамырда жоғарыда аталған келісімнен біржақты шығып кетті және АҚШ-тың Иранға қарсы санкциясын қалпына келтірді. Ал, былтыр қараша айында, Иранның финанс саласы мен мұнай экспортына қарсы санкциясын жария етті. Ол тұста Иран мұнай экспорты толықтай тоқырауға ұшырамаған еді. Себебі, Құрама Штат өзінің кейбір одақтастарымен қатар бірқатар елдерге Иран мұнайын сатып алуына белгілі дәрежеде жол беріп келген. Соның өзінде Иранда экономикалық жағдай біртіндеп нашарлай бастады. Әсіресе, елдің финанс саласы ауыр дағдарысқа тап болды.

Бұған жауап ретінде, Иран аталған келісімдегі кейбір ережелерді орындамайтынын білдірген еді.

Алайда, АҚШ президенті бір апта бұрын Иран мұнай экспортын шектеуге қатысты жаңа шешімін жария етіп, барлық елдің Иран мұнайын сатып алуына тыйым салатын санкцияны енгізді.

Иран бұған да қарсы жауабын берді. Яғни, шетелге сатылатын байытылған уран көлемін шектеуге тырысты. Әрі, келісімді сақтап қалған 5 елден Иранның мұнай экспортын қорғап қалуды талап еткен. Бұл талаптары орындалмаса, Теһран ядролық қару туралы шектеуді қайырып қойып, ядролық бағдарламаны қайта түзетінін де аңғартты.

Екі елдің талабы екі түрлі

АҚШ Иранға қарсы санкцияларды алып тастаудың бірден бір шарты – Теһран режимінің өңірлік саяси ұстанымынан бас тартып, ядролық бағдарламаны түбегейлі жоюға негіз болатын жаңа келісім жасасу. Ал, Иран болса жаңа келісім жасауға қарсы. 2015 жылы алты елмен бірге қол қойған келісімді жалғасты сақтап қалғысы келеді. Алайда, бұл Трамп билігі үшін Иранға ядролық бағдарламаны дамытуға мүмкіндік беретін келісім ретінде бағаланған.

“The Qazaq Times”