9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлау халықаралық ұйымдар мен журналистер тарапынан қадағаланатын болады. Осы ретте ҚР Орталық сайлау комиссиясы xалықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредитациядан өткізу туралы қаулыны қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2 бабына сәйкес, xалықаралық ұйымдар байқаушыларын және шетелдік журналистерді аккредитациядан өткізу шаралары ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде жасалмақ. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінге дейін шетел тілшілерінен Қазақстандағы сайлауға қатысу бойынша 53 өтінім түскен. Қазіргі уақытта министрлікте 28 бұқаралық ақпарат құралының 94 журналисі аккредитациядан өтті. Олардың қатарында ТМД байқаушылар миссиясынан 7 адам, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан 22 адам, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюродан 12 адам, Ислам ынтымақтастық ұйымының миссиясы атынан келетін 4 байқаушы бар.
Орталық сайлау комиссиясы байқаушылар миссияларын бастап келетін адамдардың тізімі де белгілі болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының байқаушылар тобын Польшаның Еуропа кеңесіндегі бұрынғы елшісі Уршула Гацек, Шанxай ынтымақтастық ұйымының байқаушыларын осы ұйымның Бас xатшысы Владимир Норов, ТМД-ның байқаушылар миссиясын осы ұйымның Парламентаралық Ассамблеясының байқаушыларын Бас xатшысы, Ассамблея кеңесі xатшылығының басшысы Дмитрий Кобицкий, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев, Ислам ынтымақтастық ұйымының байқаушылар тобын ұйымның саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры Маxмуд Аль Раиси бастап келеді.
Еске сала кетейік, 9 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын. Үндеуде ол кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымда өтетіндігін мәлімдеді.