Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш 3 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында айтты.

"Баспасөз бостандығы болмаса, билікке шындықты жеткізу мүмкін емес. Сондай-ақ, әділетті және бейтарап институттарды құру, көшбасшылардан да керекті жауапты алу мүмкін емес", - деді Антонио Гутерриш өз баяндамасында.

Юнесконың мәліметі бойынша, 1994-2018 жылдар арасында әлемде 1307 журналист өлтірілген, ал оның 99- ы өткен жылы қаза тапқан.

"Бүкіл әлемде азаматтардың қоғамдық өмірге араласу мүмкіндіктері азайып кетті. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарына деген негативті көзқарас өршіп барады. Салдарынан  журналистер, соның ішінде әйел журналистер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды", - деді Бас хатшы.

Юнесконың Бас директоры Одри Азуле де журналистердің қауіпсіздігі күн тәртібіндегі мәселе екендігін атап өтті. Ол өз сөзінде: "Журналистерге жасалған қастандықтың жазасыз қалуы - бүкіл қоғамға төніп тұрған қауіп. Біз сақ болуымыз керек. Біз сөз бостандығын қорғауға, журналистерге қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күшімізді салуымыз қажет",- деді.

Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне арналған конференция  2-3 мамырда БҰҰ штаб-пәтерінде өтуде. Оған БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш пен Бас Ассамблеяның төрағасы Мария Фернанда Эспиноса қатысуда.

Айта кетейік, 3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. 1993 жылы осы күні БҰҰ Бас ассамблеясы мамырдың 3-ін «Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні» деп жариялап, сөз бостандығы мен оған төнетін қауіп-қатерге назар аударуға шақырған еді.

"The Qazaq Times"