Қаламқас кен орнындағы апатқа «Си Бу» қытайлық инженерлі бұрғылау компаниясы кінәлі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов: «Бұл факті боынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Комиссияның тексеру нәтижелері құқыққорғау органдарына жіберілді. Әкімшілік кодекске сәйкес, айыпты компанияға 100 мрп көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік өндіріп алу жазасы тағайындалады. Си Бу компаниясы қытайларға тиесілі»,– деп хабарлады.
Апат себептерін тексеру жұмыстары барысында айыпты компания ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталған. Анығырақ айтқанда, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту барысында цементтің қатаюын күтпестен ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын герметизацияланған. Салдарынан техногендік газдың жиналуы себепті су-газ қоспасы атқылаған.
13 наурызда Қаламқас кен орны өртке оранып, тілсіз жау үш күнде зорға ауыздықталған еді. Апат себептерін тергеп тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына жіберілген. Осыған дейін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қаламқас» кенішіндегі өртке байланысты: «Мүмкін дұрыс цементтелмеді немесе каротаж жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Қазір басты мәселе өртті тоқтату. Менің бірінші орынбасарым (Махамбет Досмұхамбетов – ред) қазір сол жерде жұмыс істеуде. Бүгін штаб шешуші мәселелерді сол жерде қабылдайтын болады. Видеода газ, газ-су қоспасы жануда. Зардап шеккендер жоқ. Ол жерде барлығы тәжірибелі мұнайшылар ғой. Елді мекендер алыста орналасқан. Бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Анықтаймыз, кінәлілер жауап береді, өтемақы төленеді», – деген болатын.