Ресейдің тергеу комитеті жексенбі күні Мәскеудің Шереметьево әуежайында болған апатқа байланысты мәлімдеме жасады.

Тергеу комитеті таратқан ақпарат бойынша, "Аэрофлот" әуе компаниясының "Сухой Суперджет" жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 41 адам көз жұмған (оның ішінде біреуі экипаж мүшесі). Бортта жалпы саны 78 адам болған.

"Аэрофлот" тірі қалған 33 адамның аты-жөнін жариялады.  Олардың бесеуі ауруханаға жатқызылған. Екеуінің жағдайы ауыр. Экипаждың 4 мүшесі аман қалған. Оның ішінде ұшқыш та бар.

Ұшақ апатты жағдайда жерге қонып, жанып кеткен. «SU-1492» рейсі Мәскеу – Мурманск бағытымен жергілікті уақыт бойынша сағат 17:57-де әуеге көтерілген. Жарты сағат өткеннен кейін ұшқыштар апатты жағдайды хабарлап, Шереметьево әуежайына қайта қонған. "Аэрофлот" баспасөз хатшысы 55 секунд ішінде адамдардың бәрін шығарып үлгердік деп мәлімдеді. Бірақ "Интерфакс" дереккөзіне сілтеме жасап, ұшақтың соңындағы адамдарды шығарып үлгермегенін жазды.

«SU-1492»  ұшқышы Денис Евдокимов «Baza» басылымына берген сұхбатында «әуеге көтерілген кезде, ұшаққа найзағай ұшқыны түскенін» айтқан. Осыдан кейін ұшақ жартылай бұзылып, жерге қонуға мәжбүр болған. "Интерфакс" мәліметінше, ұшақ қону кезінде үш рет жерге соғылған.

Лайнер 2017 жылы шығарылып, 2019 жылдың сәуір айында техникалық жөндеуден өткен. Қазіргі таңда аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, апаттың себебі-салдары тексерілуде.

"The Qazaq Times"