АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі күні телефонмен сөйлесіп, Ресейдің С-400 зенитті-зымыран кешенін Түркияға орналастыру мүмкіндігін талқылады.
Анкараның ресми мәліметі бойынша, Ердоған Трампқа С-400 кешенінің саудасына қатысты екі елдің бірлескен комиссиясын құруды ұсынған. Бірақ Ақ үйдің мәлімдемесінде бұл туралы айтылмады.
Түркияның Ресейден С-400 сатып алғысы келген жоспарын АҚШ қатаң сынап отыр. Уашингтон «Ресей қаруын Түркия аумағына орналастыру НАТО стандарттарына қайшы келеді» деп есептейді. Бұның алдында Ердоған өз шешімінен бас тартпайтынын мәлімдеген. Бұл ниетін ол жақында Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде растады. Алғашқы әскери кешен Түркияға биыл шілдеде жеткізіледі деп жоспарланған.
АҚШ пен Түркия келіспейтін тағы бір мәселе - Иранға қарсы салынған америкалық санкциялар. Сүриядағы жағдай да келіспеушіліктер туғызуда, өйткені Ердоған АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күрестегі одақтасы Сүрия күрдтеріне қарсы қарулы операция жүргізгісі келеді.