Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Қазақстан – Мажарстан бизнес форумында екі ел арасында бірнеше келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлады.

Форумда дәстүрлі және баламалы энергетика, атом өнеркәсібі және ғылым, қорғаныс-өнеркәсібі кешені, авиация, ауыл шаруашылығы, қазақстандық экологиялық таза өнімді экспорттау салалары қарастырылды. Р.Дәленов: «Қазақстан мен Мажарстан география жағынан бір-бірінен алыс орналасқан. Соған қарамастан Қазақстан ТМД елдері ішінде Мажарстанның 4-ші ірі әріптесі болып саналады. Біздің сауда-экономикалық және инвестициялық салада әлеуетіміз зор. Осы әлеуетімізді барынша пайдалануымыз қажет. Мәселен, былтыр екі елдің тауар айналымы 139 миллион АҚШ долларын құрады. Аталған көрсеткішті әлі де арттыруға болады», – деді.

Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаепен кездесу барысында Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан : «Біз Қазақстанды елеулі экономикалық нәтижелерге қол жеткізіп жатқан ел деп санаймыз. Екіжақты қарым-қатынас орнатқанымызға өте қуаныштымыз. Венгрия алдағы уақытта да Қазақстанға ашық болып, экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздеуді жалғастырады», – деп мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Мажарстан капиталы салынған 40-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған компаниядар құрылыс, ауыл шаруашылығы және өндірістік салаларда қызмет етеді.

"The Qazaq Times"