Ресейде ең қуатты саналатын байланыс спутнигі Байқоңыр ғарыш айлағынан мамырда ұшырылмақ.
«Ямал-601» ғарыш құрылғысы 27 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағына «Волга-Днепр» әуе компаниясының АН-124 транспорттық ұшағымен жеткізілген. Бастапқы салмағы 5400 келіден асатын ғарыш құрылғысы 30 мамырда апат жиі орын алатын Протон-М» зымыранының көмегімен ұшырылмақ.
Спутник Еуропалық одақ аумағына, Ресейдің еуропалық бөлігіне, Орал мен Батыс Сібірге байланыс қызметін ұсынады. Сондай-ақ, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлері «Ямал-601» сәуле тарату аймағына кіреді.
Осыған дейін, яғни 13 сәуірде Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан тарапы «Байқоңыр» кешенін жалға беру бойынша Ресей Федерациясымен жасалған халықаралық келісімдерді сақтайтынын мәлімдеген болатын. Ведомство 2004 жылдың 9 қаңтарында жүзеге асқан «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану туралы мемлекетаралық келісімге кешенді Ресейге жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанын ескертті.
Айта кетейік, Ресейдің Байқоңырдан ұшырылатын «Протон М» зымыраны Кеңестер одағы кезін есептемегенде Қазақстан аумағына 1999 жылдан бері құлап келеді. Соңғы рет «Протон М» зымыраны ел аумағына 2015 жылы 16 мамыр күні құлаған болатын. Ал 2018 жылы 11 қазанда сағат 14:40-та Байқоңыр ғарыш айлағынан бортында «Союз МС-10» кемесі бар «Союз ФГ» зымыраны ұшырылған болатын. Бірақ зымыран әуеге көтерілген бетте апатқа ұшырап, экипаж мүшелері жерге қонуға мәжбүр болған.