Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының екінші форумы өтуде. Әлемнің 37 елінің лидерлері Қытай орталық қаласында бас қосуда. Ұлы Жібек жолын қайта жандандыруды мақсат еткен Қытайдың аталған жобасы әлемнің 60-тан астам елін қамтыған, соңғы кездері жасалған ең амбициялы жоба саналған. Бұл жобаның тығырыққа тіреле бастаған Қытай өндірісіне жаңа базар іздеуге бағытталғаны да белгілі.
«Бір белдеу, бір жол» және саяси-стратегиялық ықпал
«Бір белдеу, бір жолдың» негізгі бағыты – Еуропамен сауда жасаудың жаңа желісін қалыптастыру. Қытай билігі «Ұлы Жібек жолының экономикалық қоры арқылы» транспорттық байланысты, мәдениет және білім беру саласындағы алмасуларды, еркін сауда және финанстық интеграцияны дамытуды көздеп отыр. Бұл жобаны іске асыру үшін Қытай дамушы елдерге миллиардтаған инвестициялық қаржы аударып, тасымал дәліздерінен тартып, бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға күш салуда.
Бірақ, Батыс елдерінің сарапшылары, Қытай билігі аталған жобаның атын жамылып, өзінің саяси және стратегиялық ықпалын кеңейтуді көзде ұстайды деп қарайды. «Ортақ даму», «Ортақ пайда» табу ұрандары бар экономикалық жобаларда идеологиялық және стратегиялық мүдделердің жатқанын да ескертіп келеді. Шынында да, егер аталған жоба іске асатын болса, Шығыс Азиядан тартып, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, Орталық Азия, Орта және Шығыс, Шығыс және Орталық Еуропа тіпті Батыс Еуропаға дейінгі аймақтар да Қытайдың экономикалық, саяси, стратегиялық ықпалы шексіз артып кетпек. Батыс елдері қазірдің өзінде қарызға батқан Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдері Қытайдың сөзінен шыға алмай қалды деп санайды.
Батыс елдері арасында бұл жобаға ең алдымен АҚШ тік тұяғымен қарсы тұр. Бір жылдан бері АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы жүріп жатыр. Уашингтон болса Бейжіңнің барған сайын өсіп келе жатқан ықпалынан алаңдайды. АҚШ үкіметі Қытайды экономикалық агрессия және «Қарыз дипломатиясын» жүргізіп отыр деп те сынға алған.
Кезекті форум
Кезекті форумда Қытай лауазымдылары әлем елдерінің аталған жобаға болған алаңдаушылығын ескеретінін бірнеше рет қайталады. Сондай-ақ, ауқымды жобаға Қытай тарабы бір триллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатынын да жеткізді. Бұған қоса, форумда баяндама жасаған Қытай финанс министрі қарыз қайтаруға шамасы келмеген елдерге несие бермейтінін де айтты. Бұл АҚШ үкіметінің «Қарыз дипломатиясы» туралы сынына қарсы берген жауабы ретінде танылды. Сондай-ақ, Қытай басшысы бұл жобаның «гео-стратегиялық» жоба емес екенін, керісінше әлем елдерін даму үшін біріктіруге арналған жоба екенін де көбірек насихаттанды.
Бейжің билігі кезекті форум арқылы әлем лидерлерінің «Бір белдеу, бір жол» жобасына деген күмәндарының тырысын жазып, көңілдерін аулауды көздеп отырғаны да байқалады.
Жоба ықпалы
Қытайдың ауқымды амбициялы жобасына қарсы елдер де, керісінше одан пайда тапқысы келетін елдер де бар. Орта Азия елдерінде Қытай инвестициясымен инфрақұрылымдық жобалардың басталғанына көп болды. Қытай қарызы да бұл елдерде біртіндеп көбейіп келеді. Дегенмен, кейбір қарыз алу және қарыз беру келісімшарттары бүтіндей Қытай ұпайын түгендей бермейді.
Италия Еуропа елдерінің арасынан Қытайдың аталған жобасына қолдау білдірген алғашқы ел ретінде қалды. Ол әлемнің ірі экономикасына ие елдер мүше болған G7 яғни, «Үлкен жетілікке» де мүше ел. Алайда, Шри-Ланка, Пәкістан, Малайзия секілді Қытай қарызынан құтыла алмай, соңында жобаға күмән артқан елдер де бар. Шри-Ланка Қытай қарызын қайтаруға дәрменсіз қалып, соңында өзінің аса маңызды портын өткеріп берді.