ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова президенттік сайлауға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатындықтан, өзге кандидаттарға қиындау болады деген пікір білдірді.

Сенатор өз сөзінде «Nur Otan» партиясының атынан президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылатынын іштей жорамалдағанын және съезде басты кандидат үшін дауыс бергендігін айтты. Съезден кейін Әйтімова: «Меніңше, басқа кандидаттарға қиындау болады. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев – өз жұмысына да, шешімдеріне де берік адам. Ол Халықаралық деңгейде де солай. БҰҰ-да жұмыс істегенде өзін кәсіби менеджер ретінде көрсете білді. Аталған ұйымның Женевадағы бөлімшесін жаңғыртуға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, өте жауапты, сауатты. Барлық салаларды жақсы біледі. Сол себепті оны «reliable» ретінде мойындады. Ол кез келген бағдарламаны басқаруды ғана емес, оны іске асыру тетіктерін де біледі», – деп мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясының құрылтайында ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Кейіннен оның бұл ұсынысын партия мүшелері бір ауыздан мақұлдады. Жиыннан соң, Конституциялық кеңес мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін қарауға кіріскенін мәлімдеді.

"The Qazaq Times"