Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңеске өтініш түсірді.

Сәуір айының 23-і күні Конституциялық кеңес мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін қарауға кіріскенін мәлімдеді. Кеңес баспасөз қызметінің мәліметінше, Тоқаев Ата Заңдағы 41 бабтың 2-ші тармағына түсініктеме беруді сұраған.

Атап айтқанда мемлекет басшысы президенттікке үмітер кандидаттарға қойылатын талаптардың «Үміткер Қазақстанда он бес жылдан артық уақыт тұруы тиіс» - деген бөлігіне түсініктеме беруді өтінген. Өтініште президент «Қазақстан атынан шетелдерде жұмыс істеген уақыт өтілімі қойылған талап мерзіміне қосып есептеле ме?» деген сұраққа жауап беруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 41 бабының 2-ші тармағында:

«Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін» - делінген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін халық арасында «Қасым-Жомарт Тоқаев заң бойынша президент сайлауына қатыса алмайды. Себебі оның Қазақстан аумағында тұру мерзімі Конституцияда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді» - деген мәселе қызу талқыланған.

Бүгін  «Нұр Отан» партиясының құрылтайында ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Кейіннен оның бұл ұсынысын партия мүшелері бір ауыздан мақұлдады.

"The Qazaq Times"