Ресей Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясынан Қазақстанға одақтан тыс елдерден қант импорттауға берілген жеңілдіктерді алып тастауды талап етті.
РБК порталының мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы мен кеңесіне Ресей вице-премьері және қаржы министрі Антон Силуанов «Қазақстанға қант импорттауға берілген жеңілдіктерді алып тастауды сұрап» өтініш жасаған. Оның сөзінше, қазіргі таңда ЕАЭО аумағында қант тапшылығы байқалмайды. Сол себепті Қазақстанға одақтан тыс елдерден қант сатып алуға ешқандай негіз жоқ. Оның үстіне Қазақстан онсызда қанттың басым көпшілігін Ресейден алады.
ЕАЭО заңдары бойынша, ұйымға мүше елдердің ұлттық компанияларына жеңілдіктер беретін еркін сауда аймағы бар. Осыған сәйкес, Қазақстан одаққа мүше емес елдерден жылына 400 мың тонна қант өнімдерін импорттауға құқылы.
Егер Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы Ресей өтінішін қабылдайтын болса, Қазақстан Украина мен Еуропадан қант өнімдерін кеден салығынсыз импорттай алмайды. Ал бұл дегеніміз Қазақстан кондитерлік компаниялары мен тәтті сусын өнімдерін өндіретін кәсіпорындары айтарлықтай қиындықтарға тап болады деген сөз.