Трамп билігінің кезінде Америка Құрама Штаттарының бірқатар халықаралық маңызды келісімдерден шығып кеткені белгілі. Бұл келісімдердің қатарында халықаралық еркін сауда келісімдерінен тартып, ядролық қару және зымыран бағдарламаларына қатысты қауіпсіздік шарттары да бар. Трамп әкімшілігі аталған келісімдерді АҚШ мүддесіне сай емес немесе уақыты өткен деп қарайды немесе Қытай мен Ресейдің келісімдерді атқармағанын алға тартады. Бірқатар елдің сарапшылары әлем елдері біртіндеп саяси үйектерге бөліне бастаған бұл тұста, әлемдік қауіпсіздікке қатысты келісімдердің бұзылуы өте қауіпті деп санайды.
Былтыр мамыр айында ядролық қаруға ие алты ел мен Иран арасында жасасқан «Иран ядролық келісімінен» АҚШ үкіметі біржақты бас тартты. Ал, биыл 2 ақпанда АҚШ президенті орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандар туралы келісім атқаруды тоқтатты. Ондағы шартқа сәйкес, бір тарап келісімді орындауды тоқтатқаннан кейін алты ай өткенде келісім толығмен күшін жояды. 500-5500 шақырымға ұшатын зымырандарды шектеу туралы келісімнің бұзылуы алыс аралықтағы ұшатын зымырандарды дамыту бәсекесін тудыруы мүмкін. Бұлар өз кезінде әлем ақпарат құралында жетерлік талқыланған болатын.
2010 жылы АҚШ пен Ресей келісімге келіп, ядролық оқтұмысықтар мен стратегиялық активтерінің санын қысқартуға уәделескен. Егер Мәскеу мен Уашингтон уәделерінде тұрса екі ел ядролық қаруларының санын 1550-ге, ал стратегиялық бомбалаушы ұшақтары мен құрлық аралық баллистикалық зымырандарының жалпы санын 700-ге дейін азайтуы керек. Алайда, Трамп билікке келісімен елдің ядролық арсеналын жаңарту туралы бұйрыққа қол қойған болатын.
Кезекті бұзылуға жақын тұрған келісімнің бірі Стратегиялық активтерді азайту туралы шарт. Құрама Штат бұл шартқа жаңа белгілемелер қосуды ұсынуда. Ал, Ресей, Қытай және өзге де ядролық қаруға ие елдер бұл жаңа белгілемелерді қабылдауы екіталай. Алдағы уақытта Құрама Штат өзі ұсынған жаңа белгілемелердің қабылданбағанын алға тарта отырып, Стратегиялық активтерді (ядролық қаруларды) қысқарту туралы келісімнен де бас тартуы мүмкін.
Негізгі қайшылық АҚШ пен Ресей арасында, соңғы кездері бұған Қытай да қосылды. Құрама Штаттардың стратегиялық активтер қатарында ультрадыбыстық қаруларды да шектеу талабы Ресей жағынан қабылданбайтыны анық. Себебі, Ресей бұл қаруларды өзінің бірегей қорғаныс күштерінің қатарына қояды. Бірақ, Ресейдің де жаппай қырып-жоятын қаруларды тараптау туралы шарттарды орындап отырғаны шамалы. Бұл жағында Ресей өзін ақтап ала алмайтын халықаралық дауларға іліккен.
Державалар аталған қару-жарақтарын өзінің мүддесіне қарай пайдаланып, өз мүддесіне сай шарт түзіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал, ядролық немесе өзге де жаппай қырып-жоятын қарулары жоқ елдер үшін халықаралық шарттардың бұзылуы аса қауіпті. Себебі, әлемдік қауіпсіздікке қатысты шарттардың бұзылуы бұл қаруларды жаппай дамыту бәсекесін қалыптастырып, оның соңы алапат соғысқа ұласуы мүмкін.
Сенбі күні Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров АҚШ-ты айыптай сөйлеп, қазіргі АҚШ билігінде қару-жарақ бәсекесін қолдайтын лауазымдылар көп деп сындады. Әрі, бұл бәсекеге Ресейдің қатыспайтынын айтты. Бірақ, қай тұста да қару-жарақ бәсекесінің бір ұшында Ресейдің тұратыны анық.
Дүниежүзілік екінші соғыстан бері қарай 70 жылдан аса уақытта адамзат қоғамы зұлмат соғыстарды болдырмауға тырысып келеді. Осы үшін жасалған келісімдер, түрлі шарттар, кездесулер мен сөйлесулер, БҰҰ секілді халықаралық қауымдастықтардың құлшынысына қарамастан әлем қашанда соғыс қаупінде тұрады. Бұл жағдай ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді барған сайын қиындатуда.