Ауыл шаруашылығы техникалары жаңартыла ма?

Елімізде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге көңіл бөлініп, шаруалар мен кәсіпкерлерге кәсіптерін дөңгелетуге мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Үкімет берген жеңілдіктерді ұтымды пайдалану ұзақ уақыт пен қаржыны қажет ететіндігіне қарамастан, ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілердің саны артып келеді. Әсіресе, аймақтардағы ауыл тұрғындарының мал және егін шаруашылығымен айналысуға ынталары жоғары. Өйткені олар мал бағудың, егін егудің қыр-сырын көріп өскен, ауыл тынысын жақсы біледі.

Мәселен, сіз шаруашылықты бастау үшін игерілмей жатқан бос жерге егін егемін деп шештіңіз. Жерді жалға алғаныңызбен, топырақты өңдеу, оған тыңайтқыш себу, егістік зиянкестерін жою үшін қолданылатын техникаларыңыз болуы керек. Өзіңізде болмаса да, техникасы бар кәсіпкерлермен келісімшартыңыз болуы тиіс. Ал егін жинау науқаны кезінде жалға алған техникаңыздың тұралап қалмауына кім кепіл? Осы ретте қазақстандық шаруаларға өз шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз ету қиынға соғатынын көріп жүрміз. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығы техникалары тапшы, бар болса да өте ескі. Оларды жөндегеннен пайда аз, тек жаңасына алмастыру қажет. Ал жаңасын алу шаруаларға қиын, өйткені бағасы қымбат тұрады.

Ауыл шаруашылығында үлкен мәселелердің бірі – техника, ал өнімділікті арттырудың бір жолы – сапалы әрі үздік техника. Елімізде ауыл шаруашылығы паркіндегі машиналардың 80 пайызы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді екен.

Осы ретте фермерлерге техника сатып алу үшін қолайлы құрал – лизинг (жабдықты сатып алуға жұмсалатын күрделі шығыннан құтылу мақсатымен оны жалға алып пайдалану) болып отыр. Мемлекет техникаларды жаңартуға ден қойып отыр, яғни бұл лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және инвестициялық субсидиялау көлемдері есебінен шешілмек. Аталмыш шаралар ауыл шаруашылығы техникасы паркін бес жылда оңтайлы деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Қазақстанда 2016 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникаларын несиелеудің жаңа бағыты іске асырыла бастады. Бұл – несие серіктестері арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын несие арқылы сатып алу.  Бұрын техникаларды сатып алуға кепілзат арқылы несие берілсе, ендігі жерде аймақтардағы шаруаларға алғашқы жарна төлеу арқылы несиелендіру жүргізіле бастады.  Бұл ретте «ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздегі жыл сайынғы техника сатып алу көлемі жалпы сатып алу көлемінің 40-50%-ын немесе АӨК лизинг нарығының 90%-ын құрайды екен. Сонымен қатар, субсидиялау механизмі өзгерді. Бүгінгі таңда АӨК лизингпен техниканы рәсімдеу кезінде алғашқы жарнаны мемлекет төлейді. Бұл – мемлекеттің қолдау іс-шараларының бірі, яғни инвестициялық субсидиялау.

Өткен жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың заманауи ауыл шаруашылығы техникаларына қолжетімділігін арттыру, сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласында машина жасауды дамытуды қамтамасыз ету мақсатында тиімді шараларды жүзеге асырып келеді. Осылайша, ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылға қарай техникаға деген инвестиция көлемін 273 млрд. теңгеге дейін арттыруды көздеп отыр.

"The Qazaq Times"