НАТО-ға мүше елдердің СІМ басшылары бүгін Солтүстік Атлант Шарты ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай АҚШ-тың орталық қаласы Уашингтонда бас қосты. Бұған дейін АҚШ президенті НАТО ұйымын сынға алып, ұйымға мүше өзге елдер қорғаныс шығынын ортақ бөліспей отырғанын айтып келген. Ал, бұл жолы әлемдік ақпарат көздері НАТО-ның ішкі дау-шары қалай шешілетініне көбірек назар аударуда.
Трамп НАТО туралы көзқарасын президенттік сайлау кезінде-ақ білдірген болатын. Ол ұйымды өз міндетін толық атқарып келе жатқан жоқ және қорғаныс шығындарының көбін Құрама Штаттарға жүктеп келеді деп айыптаған еді. Шынын айтқанда, сол тұста назарға ілінбегенімен, президент болғаннан кейін де НАТО туралы сын-пікірлері АҚШ-ты да, НАТО мүшелерін де таңқалдыра бастады.
НАТО-ның тарихи маңызына баға беруші батыстық сарапшылардың басым көп сандысы: «НАТО – тарихтағы ең табысты әскери альянстардың бірі», – деп санайды. Олар НАТО осыған дейін де өзгерістерге бейімделу қабілетін көрсете алған деп санайды. Айталық, Кеңес одағының орнына Ресейдің пайда болуына, ұйымның оңтүстік қанатындағы дағдарыстар кезіндегі басшылық рөлі және жаңа замандағы желілік қауіпсіздік мәселелерінде дер кезінде әрекет етіп отырды деп қарайды. Сондай-ақ, уақыттың талабына қарай қауіпсіздік мәселелерінің шығындары артты, бұған ілесе НАТО шығыны да көлемі жағынан еселенгенін айтады.
Бірақ, қорғаныс шығындарының артуы Трамптың ең көбірек қадағалайтын мәселесі болып келеді. Ол еуропалық одақтастарын да қорғаныс шығындары үшін көбірек жазғырады. Айталық, Еуропадағы одақтастары АҚШ-тан аз қаржы бөледі деп сынайды.
НАТО-ның белгілемесіне сай, мүше елдер әскери шығындарға жыл сайын кем дегенде жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын бөлуі тиіс. Алайда, 2018 жылы бұл міндетті 29 мүше елдің тек жетеуі ғана орындай алды. Мейлі қалай болса да, ұйым үшін бұл «2 пайыз ережесі» аса маңызды болып отыр. Ұйым өкілдерінің айтуынша, ұйым мүшелері ешкімге ақша төлемейді, НАТО бюджетіне ақша құймайды, тек осы 2 пайыз қаржы аудару арқылы өз қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Былайша, айтқанда ұйымға аударған қаржы әр елдің өз қауіпсіздігінің кепілі болып саналады. Яғни, НАТО-ға ЖІӨ-сінің 2 пайызын аударған ел ұйым жағынан «Біз қорғауға лайық ел» деген шартсыз сенімге ие болмақ.
Бірқатар мүше елдер қорғаныс шығындарына қаржы аударудың маңызды екенін мойындайды, алайда олар ұйымның ең негізгі мәні – одақтас елдердің бір-біріне деген сенімі, ал Трамп болса бұл сенімге нұқсан келтірді деп санайды.
Ұйымның стратегтері: «АҚШ президенті ұйымның сеніміне күмән келтірген кезде, Ресей мен Қытай секілді бәсекелестеріміз кейбір мүше елдерді НАТО-ның қорғайтынына күмәнмен қарайтын болады. Трамп болса кейбір шағын елдерді НАТО қорғанысы үшін маңызды екеніне күмән келтіреді. Бұл ұйымның ішкі сенімін ыдыратқандай болды», – деген көзқараста.
Дегенмен, басым көп батыстық басылымдар Трамп бұл реткі бас қосуда АҚШ-тың НАТО ұйымынан шығатынын жариялай қоймайды деп сенеді. Оның үстіне, НАТО-ның Уашингтондағы бас қосуына тек СІМ басшыларын жинауының бір себебі де сол – Трамптың ауызша айыптауын болдырмау.