Иран Қазақстаннан жеткізілетін 864 тауарға импорттық баж салығын төмендетеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
ЕАЭО-ға мүше елдер 502, оның ішінде 126 ауыл шаруашылығы, 376 өнеркәсіптік тауар бойынша импорттық баж ставкаларын төмендеткен. Сыған байланысты ҚР Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында вице-министр: «2018 жылы 17 мамырда Астанада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, келіссөздерді жүргізу жайлы шешімді ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары 2016 жылы қабылдаған. Осы ретте Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасын Мемлекет басшысы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде ұсынды. Бұл келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 млн-нан астам халқы бар Иранның перспективалы нарығына шығару арқылы олардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда осындай келісім экспортты әлемдік нарыққа шығару құралдарының бірі болып саналады», – деп мәлімдеді.
Сенат қарауына түскен бұл келісімге сәйкес, Иран тарапы 864, оның ішінде 262 ауыл шаруашылығы, 602 өнеркәсіптік тауарға қатысты импорттық баж ставкаларын төмендетеді. Иран нарығына сиыр және қой етті жеткізу ставкасы 26-дан 5-10, бұршақ дақылдары 55-тен 5-10, өсімдік майын 20-дан 10, макарон және кондитерлік өнімдерді 55-тен 14-20, болат илек 20-дан 15, рельстер 5-4%-ға дейін төмендетіледі. Аталған тауарлар Қазақстанның Иранға экспортының 292 млн долларына жуық яғни 54%-дан астам.
Айта кетейік, Қазақстан мен Иранның өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 млн АҚШ доллар. Оның ішінде Иранға экспорт 426,7 млн, импорт 89,5 млн долларды құрады. Қазақстанның негізгі тауарларының ішінде арпа 272 млн, болат илек 87 млн, рапс тұқымы 17 млн және қой еті 11,6 млн долларға жеткізілген.