Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлем халқының 91 пайызы ауасы ластанған аймақта жасап жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ірі өндіріс ошағы болмаса да Моңғолия да ауасы ең ластанған елдердің қатарына кірді.
Халықаралық ұйымның мәліметінше, Моңғолияның орташа температурасы 2,2 градусқа жоғарлаған. Бұдан тыс елде құрғақшылық болып, мыңдаған жылдар бойы сахарада мал шаруашылығымен шұғылданған моңғолдардың қалаға бет алуына тура келген. Енді олар орталық қала Ұланбатырдың ластанған ауасымен тыныстап жатыр.
Әрине, бұндай жағдай бір ғана Моңғолияға ғана тән емес. Зерттеушілер бұл аймақтардағы ауада зиянды заттардың көбеюін климаттық өзгерістермен байланыстырады. Ұланбатыр әлемдегі ауасы ластанған қалалардың қатарына кіргеннен кейін, ауадағы лас газдарды анықтау үшін арнайы жабдықтар орнатылды. Бұл жабдықтардың көрсеткен нәтижесі Ұланбатырдағы ауаның ластануы ең қауіпті деңгейде екенін растайды. Әдетте қауіпсіздік деңгейі 25 болса, Ұланбатырда бұл көрсеткіш 999-дан асып кеткен.
Ірі өндіріс ошағы саналмайтын Ұланбатырдың ауасы қалай мұншалықты ластанды? Моңғолияның және халықаралық зерттеушілер тобы оның жауабын қарастырып көрген. Қазір тұтас Моңғолия халқының жартысы Ұланбатырда тұрады. Олардың басым көбі үйлерін көмір арқылы жылытады. Бұл қаланың ауасын ауыр дәрежеде ластаған. Ал, денсаулық сақтау ұйымдары жергілікті тұрғындардың денсаулығы барған сайын нашарлай түскенін көбірек ескертуде.
Мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы қаладағы жедел жәрдем қызметі күніне орта есеппен 270 баланы қабылдаған. Ал биыл әр күні 300 балаға жедел жәрдем қызметі шақырылған. Елдің денсаулық сақтау саласы бұл мәселе барған сайын қиындай түсуі мүмкін деп ескертеді. Әсіресе жас балалардың тыныс жолы ауыруларының саны көбейген. Бұл болашақта өкпе қатерлі ісінің массалық қиыншылығын тудыруы мүмкін деп қарайды.
Моңғолиядағы климаттың өзгерісі ондағы халықтың өміріне көрнекті әсер етуде. Айталық, екі жыл қатарынан құрғақшылық болса, қыста төмен температура дәстүрлі шаруашылықтың күнін қысқартуда. Онымен қоса биыл Моңғолияның көп жерінде қар жаумаған.
Ауа ластануының ауыр қатері бір ғана Моңғолия жұртында ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Халықаралық қауымдастық көрсеткен мәліметке сенсек, жыл сайын 7 млн адам ауаның ластануынан болатын аурулардан көз жұмуда. Елімізде Алматы қаласы әлемдегі ауасы ластанған қалалар қатарында екенін ескерсек, билік пен халықтың климаттық өзгерістерге қарсы шараларды ертерек қолға алуына тура келеді.