Нұрсұлтан Назарбаевтан культ жасау кімге қажет?
Президент Қасым-Жомар Тоқаевтың билік басына келмей жатып Астана қаласының атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту жөніндегі бастамасы Қазақстанды ғана емес, әлем жұртшылығын таң қалдырды. Осыншама қысқа уақыт аралығында анау-мынау емес, «елорданың атауын ауыстыру кімге және не үшін қажет болды?» - деген сұраққа журналист біткен соңғы бір аптада түрлі болжам айтып тастады. Бірі Тоқаев бастамасын қолдап құлаш-құлаш мақала жазса, енді бірі оның бұл шешімін іске алғысыз қылып, «жағымпаздықтың шарықтау шегі» - деген баға берді. Бір қарағанда Назарбаевтың билік басынан кетуі мен оның орнына Тоқаевтың келуі нәтижесінде Ақорда жұртшылығы «ақылынан алжасқандай» болып көрінуі мүмкін қарапайым жұртқа. Бірақ шын мәнінде ол олай емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін соңғы 30 жылда атауы 3 рет ауысқан Астана қаласын Ресейдің (атауы қысқа уақыт аралығында көз ілеспейтін жылдамдықпен ауысқан) Санкт-Петербург шаһарымен салыстырып көрейік.
Ресейде 1914 жылдың тамыз айының 31-і күні бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты халық арасында антигерманиялық және патриоттық көңіл-күйді көтеру мақсатында Санкт-Петербург қаласының атауы Петрогард болып өзгертілді. Дәл осы уақытта «Биржевые новости» басылымының шұғыл шығарылымы: «Біз Петербург қаласында ұйықтап, Петроград қаласында ояндық. Неміс қолтаңбасы бар Петербург кезеңі тарих қойнауына кетті. Ура мырзалар!» - деген тақырыппен шықты. Яғни сол кездегі Ресейдің саяси элитасы қала атауын өзгертуді өзінің идеологиялық құралына айналдырды. 1924 жылы жұмысшы таптың көсемі Владимир Ильич Ленин көз жұмғаннан кейін Петроград атауы Ленинград болып өзгертілді. Бұл жолғы өзгеріс те тегіннен-тегін жасалған жоқ. Ол сол кездегі "күн көсемнің" ізбасары Иосиф Сталинге қажет болды. Сталин Лениннің атын пайдалану арқылы өз билігін күшейтуді мақсат тұтты және ол ойын уақыт өте келе жүзеге асырды.
Жалпы, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, авторитарлы-тоталитарлық жүйенің басым көпшілігінде билік басына келген кез келген ізбасар алдыңғы тақ иесінің атын пайдалану арқылы өз билігін күшейтеді немесе қалыптасқан саяси жүйені жалғастырады. Қазақстанда соңғы уақыттары болып жатқан дүниелерге қарасаңыз, жоғарыда біз мысалға келтірген тарих қойнауына кеткен оқиғалардың қайталанып жатқандығын байқайсыз. Өткен тарих пен бүгінгі күнге қарап, «дежа вю» дерсің. Кез келген қала, ауыл, көше, жер, су атауларын халықтың саяси және азаматтық ынта-жігері болса өзгертуге болатынын уақыт көрсетті. Ал бір жүйеден екінші жүйеге ауысудың қаншалықты қиын екендігіне тағы да сол қарт тарих куә...