Наурыз айының 19-ы күні Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Осыған байланысты біз азаматтық белсенділер мен саясаттанушылардың пікірін білуді жөн көрдік.

Ермұрат Бапи, журналист, саясаткер: «Ешкім, ешқайда кеткен жоқ. Назарбаев билікте қалды және Қазақстандағы барлық биліктің тізгінін уысында ұстап қалды. Ол былтырғы жылы Қауіпсіздік Кеңесі туралы заңдарға енгізілген өзгертулердің негізінде Қазақстандағы барлық саяси билікті қолында ұстап отыр. Ал Тоқаевқа тек қана президент деген лауазым бұйырды. Тоқаев «тоқал текенің» жағдайында қалды. Оның қолында ешқандай билік жоқ. Ол тек қана президенттік лауазымда отырады. Оған Қазақстанның Қарулы күштері, ІІМ, ҰҚК, Прокуратура сияқты қүштік құрылымдары бағынбайды. Оның барлығы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бағынады. Бүгін ғана «полицияда аттестация жүргізу» жөнінде заң жобасы шықты. Оған «Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаев» - деп қол қойды. Яғни бұның барлығы тек қана декарация ғана. Билік сол күйінде Назарбаевтың қолында қалды. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл жерде дәтке қуат бір ғана дүние бар. Бұл билік транзитінің басталғандығының белгісі. Бұған дейін біз «трензит әне  басталады, міне басталады» деп жүр едік. Енді нақты басталды. Сең қозғалды. Осы ғана дәтке қуат. Келесі жылы бола ма, мерзімінен бұрын бола ма президент сайлауы болады. Заң бойынша, ол сайлауға Назарбаевтың қатысуға құқығы бар. Сондықтан "бөркімізді аспанға атып, керемет өзгеріс басталды" дейтін ештеңе жоқ бұл жерде. Бірақ мен ойламаймын, ол қайтадан сайлауға қатысады деп. Ол өзінің үміткерін, ізбасарын қатыстарады. Қазіргі қолында бар биліктің күшімен сол ізбасарын президенттікке өткізуге тырысады. Бұл жерде ең бастысы елдегі билікті сақтап қалады және өзінің жиған-терген миллиардтаған байлықтарын сақтап қалуға тырысады».

Дос Көшім, саясаттанушы: «Егер ол Нұр Отан партиясының басшысы болса, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы болса, ол саясатта да билікте де қалады. Бірақ ол президент есебінде осыдан кейінгі болатын нәрселерге жауап бермейді... Келесі президенттің белгілі бір саяси тұлға ретінде өзінің көзқарасы бар адам болса, Назарбаевтың қасында бұрын болмаған адам болса, әрине онда ол өзінің саясатын жүргізеді. Бірақ ондай адамды сайлауға түсірмеуге тырысады. Менің ойымша, Тоқаевтың өзі де түсуі мүмкін немесе өздерінің дайындап қойған үміткерлерін өткізеді де билік өзінің осы жүйесін, бағытын сақтап қалуға тырысады».

Айдос Сарым, саясаттанушы: «Кешегі мәлімдемесін мұқият оқитын болсақ, президенттің Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде қалатындығы және оған шешуші ықпал ететін саяси институтқа айналатыны айқын көрініп отыр. Бұл шынымен де үлкен тарихи шешім. Қалай болғанда да біз жаңа саяси кезеңге аяқ бастық. Бұл саяси кезеңнің қаншаға созылатынын дөп басып айту қиын. Бірақ біз ашық саяси трназит дегенге жеттік. Оның қалай болатынын көзімізбен көретін боламыз».

 

"The Qazaq Times"