Мәскеуде дербес интернет туралы заң жобасына қарсы наразылық шеруі өтті. Бұл туралы BBC хабарлады.
Автономды рунет туралы құжатқа сәйкес, ғаламтордың ресейлік сегменті оқшауланып, халықаралық қызметтер бұғатталады. Сонгмен қатар, қолданушының ақпараты қадағаланады. Наразылық акциясына қатысқан 15 мыңнан астам адам аталған құжаттың жойылуын талап етті. Шеруге қатысушылар: «Қытайды мысалға алар болсақ, интернет жылдамдығытөмен әрі қымбат. Сондай-ақ сайттар, ақпарат агенттіктері, әлеуметтік желілер дұрыс жұмыс істемейді. Ал Ресейде ғаламтор қолжетімді болуы қажет. Интернет – заманауи ортақ құндылық және сөз бостандығының кепілі. Ол – біздің конституциялық құқығымыз. Сондықтан қоғам еркін интернетті қорғау үшін күш біріктіруі тиіс»,– дейді. Шара кезінде тәртіп сақшылары дрон ұшырған онға жуық адамды және бірнеше тұрғынды қамауға алды.
Ресей Мемлекеттік думасы «дербес интернет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған болатын. Ресей Парламентінің ақпараттық саясат және коммуникациялар комитетінің басшысы Леонид Левин: «Мемлекет ешқандай цензура орнатып, жаңа шектеулер енгізіп отырған жоқ. Бар болғаны, осыған дейін мемлекеттік деңгейде тыйым салынған сайттарды VPN-нің көмегімен қарап келген азаматтарды қатаң бақылауға алғалы отыр», – деп мәлімдеді.
Ресей мұндай шектеу қойып отырған алғашқы мемлекет емес. Әлемдегі қолданушысы көп әлеуметтік желілерді қолдануға рұқсат етілмеген Қытайда VPN-дердің жұмысын тоқтату «Ғаламторды тазалау және стандарттау» деп аталатын бірыңғай мемлекеттік саясат аясында жүзеге асады.