Қазақстанда ақылы жолдар саны артпақ.
Қаңтардың соңында Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау яғни жалпы үш бағыт бойынша ақылы автожолдар іске қосылған. Олардың жалпы ұзындығы – 471 шақырым. Ал 2022 жылға қарай ақылы тас жолдар ұзындығы 6,5 мың шақырымға жетпек, Осы тақырыпқа қатысты ҚР премьер-министрі Асқар Мамин: «Бағдарламаның маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың өзінде 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар. Бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін арттыруға үлкен серпін берді. Өткен жылда транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд доллар құрады», – деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта күн сайын Алматыда 500 мың автокөлік қозғалады. Оның 200 мыңы – қала сыртындағы аймақтардан келетіндер. Ал ақылы жолдан бөлек, көлік кептелісі әлі де күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр: «Ақылы жолдардан келетін кіріс 40 млрд теңгеге жетеді. Бұл автокөлік жолдарына жұмсалатын қаржыны қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді.
Жалпы алғанда жыл сайын Қазақстанда ақылы жолдар саны артып келеді. Осы ретте әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Лондон, Мәскеу, Стокгольм, Сингапур, тағы басқа да елдер ақылы жол жүйесін енгізген. Бұл жүйені енгізбес бұрын аталған мемлекеттер, алдымен, халықтың тұрмыс-тіргілігіне, аймақтардағы жол-көлік мәселелеріне көп мін берген. Мәселен, Стокгольм билігі халыққа ақылы жолдың не үшін керек екенін түсіндіріп, бүкіл халықтық референдум өткізді. Әр тараптармен белсенді келіссөздер жүргізді. Ал жоғарыда аталған мемлекеттердің әлеуметтік жағдайына мән берер болсақ, Қазақстан әлеуеті мұндай өзгеріске бірден дайын болмайтыны анық.