Өткен аптада Өзбекстан экс-президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың бес жылдық жазасы аяқталды. Экс-ханшайым бостандыққа шыға ма?
2015 жылдың тамыз айында Ташкент облыстық соты Гүлнара Кәрімованы экономикалық қылмысы үшін бес жылға бас бостандығынан айырған. Экс-президент қызының жазасы сот шешімі бойынша, оның ұсталған уақытынан яғни 2014 жылдың 16 ақпанынан бастап есептелген. Өткен аптада бұл мерзім аяқталды. Бірақ ресми Ташкент әзірге Гүлнара Кәрімоваға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.
2014 жылға дейін Ислам Кәрімовтың мұрагері саналып келген Гүлнараның саяси мансабы бір-ақ күнде аяқталды. Оған экс-ханшайымның швециялық «TeliaSonara» коммуникациялық компаниясынан пара алғандығы жөніндегі ақпараттардың БАҚ беттеріне шығуы себеп болды. Бірақ әкесінің көзі тірісінде Гүлнара Кәрімова бірден түрмеге тоғытылған жоқ. Сот оған «үй қамағы» жазасын кесті.
2017 жылдың шілде айында Ислам Кәрімовтың өмірден озғанына бір жыл толар толмас уақытта Өзбекстан Бас Прокуратурасы «Гүлнара Кәрімова үй қамағынан түрмеге ауыстырылды» деген мәлімдеме таратты және оның үстінен жаңадан қылмыстық іс қозғалғандығын, Кәрімованың ел экономикасына 2 миллиард доллар шығын алып келгендігін жариялады. Бірақ осы уақытқа дейін Өзбекстан құзырлы органдары жаңадан тағылған айып бойынша, Гүлнара Кәрімованың қамау мерзімі ұзартылғандығы жөнінде ешқандай мәлімдеме жасамады.
2018 жылдың 15 ақпан күні Стокгольм аудандық соты «Гүлнара Кәрімоваға пара берді» деп айыпталған «TeliaSonara» компаниясының экс-топ-менеджерлері Ларс Нюбергті, Теро Квисаариді және Олли Теппо Туохимді ақтап шықты. Бұған дейін 2018 жылдың мамыр айында Қылмыстық істер жөніндегі Швейцария федералдық соты ел аумағында бұғатталған Гүлнара Кәрімоваға тиесілі 800 миллион Швейцария франкінің 686,7 миллионын Өзбекстанға қайтарып беру жөнінінде үкім шығарған.
Қазіргі таңда Гүлнара Кәрімованың қайда екендігі белгісіз. Осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде «Кәрімова өз жазасын Ташкент маңындағы түрмелердің бірінде өтеп жатыр» деген ақпарат тараған. Десе де, жақында Иман Кәрімова өзінің «Instagram» парақшасына анасы Гүлнара Кәрімоваға ұқсайтын адаммен түскен фотосурет жариялады.