Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Венесуэланы тағы бір мәрте социализмнен бас тартуға шақырды. Ол сонымен бірге АҚШ-тың «бейбітшілікті сақтауға күш салатынын, алайда барлық мүмкіндіктерді қолдануды жоққа шығармайтынын»  айтқан. Оның бұл сөзі Венесуэлаға қарсы әскери күш қолданудың мүмкін екендігін меңзеген.

АҚШ президенті сөзінде Венесуэланың қарулы күштеріне үндеу тастап,  президент Мадуроның нұсқауларын елемеуге, керісінше мәжіліс спикері Гуайдоның бұйрығына бағынуға шақырған. Себебі, Құрама Штат бастаған 50-ге жуық мемлекеттің Хуан Гуайдоны Венесуэланың уақытша президенті ретінде мойындайтынын алға тартқан.

Президент Трамп Венесуэланың әскерлеріне ескерту жасап: «Сіздер қауіпсіз жер таба алмайсыздар,  қашып кету де қиынға соғады, барар жер, басар тау жоқ, бәрін жоғалтып аласыздар», – деген. Сонымен бірге Венесуэлаға жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектерге кедергі жасамауды ескертеді.

Кеше Венесуэлаға жеткізілетін гуманитарлық көмектерге АҚШ-тың әскери ұшақтары да араласа бастағаны хабарланған болатын. Батыс ақпарат құралдары бұл әрекет Николас Мадуроның билігін әлсіретуге ықпал ететінін айтқан.

Николас Мадуро Құрама Штат қатарлы елдерден келетін гуманитарлық көмектің қажет емес екенін айтып, бұл заттар АҚШ әскерінің Венесуэлаға кіруіне жол ашатынын айтқан.

Қазір Венесуэлада азық-түлік, дәрі-дәрмек және тұрмыстық тұтыну бұйымдарының тапшылығы артуда. Инфляция әлемдегі ең жоғары көрсеткішке жеткен Венесуэлада соңғы жылдары 3 млн адам шетелге қоныс аударған. Бұл ел халқының 10 пайызын құрайды.

 “The Qazaq Times”