Италия Ұлыбританияның ізін жалғап, Еуропалық Одақ құрамынан шығуы мүмкін. Бұл туралы Spiegel.de басылымы хабарлады.

Италиядағы «Солтүстік Лига» популистік партиясының өкілі Клаудио Борги жергілікті басылымдарға сұхбат беріп, ЕуроПарламентке сайланған депутаттардың арасында популист партиясының өкілдері аз болса, Италия ЕО-дан шығады деп мәлімдеді. Ол сөзінде: «Біз Еуропаның саяси құрылымын, Италиядағы жағдайды өзгертуге тырысамыз. Барлығы мамырда өтетін сайлауға байланысты», – деді.

Елдегі популистік партия мүшелеріне мамырда өтетін сайлау маңызды. Алдағы сайлауда популистер партиясы аз дауыс жинаса, ЕуроПарламентке сайланудан бас тартпақ. Сарапшылардың пікірінше, Италияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуына тағы бір себеп – елдегі экономикалық жағдайдың әлсіреуі. 2011 жылы Италияда экономикалық дағдарыс орын алып, зейнеткерлік жасы 67-ге дейін ұлғайтылған болатын. Соңғы жылдардағы Италиядағы саяси дағдарыстың ең басты себебі, парламенттегі басым орынды ешбір партия немесе альянстың жеңіп алмауы деп санайды сарапшылар. Бұл Италия парламентін қауқарсыздыққа алып келіп, соңында ұзақ жылға созылған саяси дағдарыстар мен экономикалық қиыншылықтарға ұшыратты. Салдарынан Еуроаймақтың үшінші үлкен экономикалық аймағы ауқымды саяси тұрақсыздыққа тап болды.

Былтыр осы мәселеге қатысты жиын өтіп, Еурокомиссия Италиядан алғаш рет бюджет жобасын толықтыруды талап етті. Рим әлеуметтік бағдарламаларға қатысты бюджет көлемін 0,9%-ға ұлғайтуды ұсынғанмен, Брюссель оны кері қайтарды. Себебі, екі тарап ұсынысындағы айырмашылық 25 миллиард еуроға жеткен. Қазірдің өзінде Италия жұмыссыздық индексі бойынша ЕО елдері арасында үшінші орында. Елдегі қаржылық дағдарысты және жұмыссыздық деңгейін қалыпқа келтіру үшін президент Серджо Маттарелло жаңа реформа қабылданатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, шәкіртақы, зейнетақы және әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржы артады.

"The Qazaq Times"