Ұлыбритания Банкі Венесуэла билігіне тиесілі 80 тонна алтынды бұғаттады.
Венесуэла президенті Николас Мадуро Ұлыбритания Банкінде ресми Каракаска тиесілі 80 тонна алтынның бар екендігін мәлімдеді.
«Олар біздің 10 миллиард долларымызды, алтынымызды және мұнай қаржыларын бұғаттады. Ұлыбритания Банкінде Венесуэлаға тиесілі 80 тонна алтын сақталуда. Бұғатталған алтын Венесуэла Орталық Банкіне тиесілі. Мен халықаралық келісімдерге, Венесуэла Орталық Банкіне, заңға деген сыйластық болады деп үміттенемін» - деді Мадуро.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Bloomberg» басылымы «Ұлыбритания Банкі Венесуэлаға жалпы құны 1,2 миллиард долларды құрайтын алтынды беруден бас тартты» деген ақпарат таратқан.
Қаңтар айының аяғында Венесуэлада саяси дағдарыс басталған. Оппозициялық саясаткер Хуан Гуаидо өзін Венесуэла уақытша үкіметінің президентімін деп жариялап, жаңадан әділ сайлау өткізетінін мәлімдеген. Гуаидоны АҚШ, Канада, Израиль бастаған бірқатар мемлекеттер қолдаса, Николас Мадуроны Ресей, Түркия сияқты елдер қолдауда.