Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев билік транзитіне қатысты мәлімдеме жасады.
Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында билік транзитіне қатысты пікір білдірді.
«Бұл тақырыпты жабайық. Қазіргі таңда билік транзиті жөнінде ешқандай сөз жоқ. Мемлекет басшысының сөзіне бір нәрсе алып-қосу қиын. Конституциялық Кеңеске өтініш жасау шын мәнінде маңызды дүние. Десе де, бұл қарапайым жұмыс процесі. Бұдан екінші бір ойды іздеудің қажеті жоқ. Қазір президенттің саяси өмірі елдің ішінде де, сыртында да қызып тұр. Бұған «Жолдау», «Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысуы», «Жастар жылын ашуы» дәлел. Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бастамаларды «Нұр Отан» партиясының құрылтайында да көтереді деп ойлаймын. Мен білемін, билік транзиті кейбір сарапшылар үшін талқылау мен сараптауға ең ыңғайлы тақырып. Жалпы, бұл тақырыптағы талқылаулардың шынайы өмірмен сәйкес келе бермейтін өзіндік экожүйесі, күн тәртібі, қиялдары, болжамдары бар» - деп мәлімдеді Абаев.
Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын президент Назарбаев Конституциялық Кеңеске Ата заңдағы 42 баптың 3-тармағын түсіндіруді сұрап өтініш білдірген. Осыдан кейін сарапшылар мен журналистер «Ақорда билік таранзитіне немесе мерзімінен бұрын сайлау өткізуге дайындалып жатыр» деген болжамдар айтқан.
Мемлекет басшысы түсіндіруді сұраған 42 баптың 3-тармағында: «Республика президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерiнiң барлығының, (қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының) Қазақстан Республикасының экс-президентi деген атағы болатыны» - айтылған.