Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өрттен қайтыс болған бес бүлдіршінге қатысты мәлімдеме жасады - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Болған оқиға үлкен трагедия. Қазір қара жамылған отбасының басына түскен қайғыны ең жаман түсіңде де көрмейсің. Бүкіл ел осы отбасымен бірге қара жамылды» -деді Абаев.
Бұдан бөлек Абаев мырза аталмыш оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың отставкаға кетуін» талап еткен халық наразылығына қатысты пікір білдірді.
«Менің ойымша, бес баланың өліміне Әбілқасымованы кінәлау әділетсіз. Иә, ешкім жауапкершіліктен құтылмауы керек. Түптеп келгенде біз - мемлекеттік апарат елде болып жатқан оқиғаларға жауаптымыз. Бірақ, бұл қайғылы оқиға әртүрлі факторлардың салдарынан болғанын ұмытпауымыз қажет. Барлығы Еңбек және халықты әдеуметтік қорғау министрлігіне байланысты емес. Мадина Ерасылқызы әйел ретінде, үш баланың анасы ретінде бұл трагедияны қайғыра қабыл алды. Мен коструктивті сын қалып, айтақтау, айдап салу болмайды деп үміттенемін. Оның үстіне мен Әбілқасымованың өзіне тапсырылған жұмысқа атүсті қарамайтын өз ісінің шебері екендігін білемін» - деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникация министрі.
Естеріңізге салайық, ақпан айының 3-інен 4-іне қараған түні Астана қаласының Көктал-1 ықшам ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, салдарынан бес бүлдіршін көз жұмған. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде азаматтық белсенділер мен журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап еткен.