Қазақстан-Франция әріптестігін нығайту мақсатында 2018 жылдан бастап екі ел арасында «Абай-Верн» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынған болатын. «Абай-Верн» бағдарламасы жоғары білікті мамандарды дайындау, қос дипломды білім беруді мақсат етеді. Аталмыш бағдарлама аясында бүгінде Францияда 66 ізденуші білімін жетілдіріп жатыр, оның 55-і магистранттар болса, 9-ы докторанттар.
Франция Нобель сыйлығын саны жағынан АҚШ-тан кейін иемденген екінші мемлекет. Білім беру саласы бойынша да алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Ал қазақстандық студенттердің ғылымы озық Францияда білім алып, тәжірибе жинақтауы жас ғалымдар үшін - үлкен мүмкіндік. Бекжан Бердіқұл «Абай-Верн» бағдарламасы аясында Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия университетінде білім алып жатқан биологтардың бірі. Жас ғалымның зерттеу тақырыбы бойынша түйген ойлары мен жинақтаған тәжірибесі туралы сұраған едік.
- «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша Францияда 1 жыл оқу үшін ағылшын немесе француз тілін білуің керек. Іріктеу кезінде тіл білуден басқа қандай ерекше талаптары болды?
- Әдетте ауылда өскен балалар ағылшын тіліне шорқақтау келеді. Мен де ауылда білім алып, қара шаңырақ ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінде 6 жыл білім алдым. Магистратураға тапсырған кезімде де мемлекеттік тест нәтижесі бойынша жоғары балл жинай алмадым. Пәндік нәтижем жоғары болғандықтан, магистратураға түсу бұйырды. Ал «Абай-Верн» бағдарламасы туралы факультеттегі оқытушылардан білдім. Ағылшын дәрежем төмендеу болса да тәуекелге бел буып, бар күшімді уәждемелік эссеге салдым. Хатымды шаблон, таптаурын сөздермен емес, өзгеше бастадым, өйткені жоғалтар ештеңем жоқ еді. Зерттеуім орман шаруашылығына байланысты болғандықтан хаттың басында Қазақстанның ең шөлді аймағында туғанымды және бала кезден әлемнің керемет табиғатын, ормандарын көруге талпынғанымды айттым. Ұтқан жерім де осы болды. Ағылшын деңгейі менен әлдеқайда жоғары өзге ізденушілер оқуға қабылдана алмады, ал менің мақсатым Лотарингия университетінің ғалымдарын қызықтырыпты. Сипаттамаларында мақсаты айқын, не істейтінін және нені қалайтынын анық біледі деп жазыпты. Негізінде Еуропаның халқы, жалпы университеттері адамның бойынан жасампаздықты, қазіргі тілмен айтсақ креативтілікті бағалайды, ерекшелікті жақсы көреді. Оқуға барам дегенше тынбай ағылшын тілін пысықтадым. Әуелі келгенде ағылшын тілінде ағып тұрған ізденушілерді көргенде абдырап қалғаным рас, бірақ осы алты айдың ішінде ғылыми тілде сөйлесуге шамам жететіндей ағылшын тілін меңгеріп алдым.
- Орман шаруашылығы саласын зерттеп жатырсың. Еуропада, оның ішінде Франциядан бұл жағынан үйренеріміз көп болар...
- Менің оқып жүрген бағытым – қоршаған ортаны қорғау және экология, оның ішінде орман және оны басқару. Бұл ғылыми жаңалық ашатын микробиология немесе генетика емес, бұл бірнеше жылдар бойы қалыптасқан классикалық сала. Оның ішінде орман және оны басқару Еуропа үшін өзекті сала болып қала бермек. Мені таңдандырғаны мұнда ғалымдар ағаш өндірісінің жай-күйін 150-200 жылға алдын ала болжайды екен. Және бір айта кетерлігі ғылымдардың бірігуі жақсы дамыған. Мысалы, бір ғылыми жобаны іске асыруда биолог, биохимик, эколог, геоинформатик, экономист, IT маманы бірігеді. Осыдан кейін ол ғылыми жоба барлық жағынан мемлекет үшін пайдалы болады.
Мұнда Еуропа ормандарын толық зерттеп, бақылап, оны өндіріске дұрыс қолдана білу шаралары кешенді түрде оқытылады. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері мемлекеттің орман саласындағы саясатын өзгертуге қауқарлы. Әлбетте, бұл зерттеу жұмыстары туралы осы саладағы кәсіпкерлер де үнемі хабардар. Яғни ғалымдардың жобасы – теориядан өндіріске дейін толық жетіп, мемлекет экономикасына өсім әкеліп отыр. Біздегі көптеген мықты ғылыми жобалар тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске жетпей қалады. Себебі өндіріс дамымаған және оны дамытуға ешкім мүдделі емес. Дамып жатыр дегеннің өзінде отандық ғалымдардың еңбегі бағалана бермейді. Мұның салдары, өндіріс үшін емес, тек грант ұту үшін жасалатын ғылыми жобалардың пайда болуына әкелді.
- Француз жастарының ғылымға көзқарасы қандай? Мемлекет жастарға қандай қолдау көрсетеді?
- Француз жастары ғылымға құмар және өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Өз кезегінде мемлекет оларға жағдай жасаған. Шәкіртақысы айына 1000 еуроға дейін жететін студенттер бар. Әрбір студент оқу бітірген соң тағылымдамадан өтуі тиіс. Ол үшін ғылыми институттармен келісімге отырады және олармен жұмыс істейді. Орташа есеппен алты ай тәжірибеден өтеді. Франция заңы бойынша кез келген студенттің тағылымдама уақыты 2 айдан асатын болса, мемлекет оған айлық төлеуге міндетті. Ол 500 еуродан кем болмайды.
Еуропа студенттерінің 3-4 тілді меңгеруі үйреншікті жағдай. Бірге оқып жүрген француз студенттерінің көбі ағылшын, испан, неміс тілдерін меңгерген. Дегенмен, біздің қазақ студенттерінің қабілеті әсте кем емес. Біз үшін маңызды нәрсе – тіл мен техникалық білім үйреніп, оны өз мамандығыңа қолдана білу екен. Ал одан да маңызды нәрсе сол білгеніңді қазақтың ғылымының дамуына арнау. Менің мақсатым француз ғалымдарының жұмыс істеу әдістерін үйрену. Қай саладағы зерттеулер болсын, болашақта ғылымның қазақтың экономикасына қосатын үлесін арттыруды ойлағанымыз дұрыс.
- Францияда ормандарды бақылау, зерттеу қалай жүргізіледі?
- Мұнда ормандағы әрбір ағаштың нөмірі бар. Орманды бақылайтын арнайы зертханалық аймақтар орман ішінде орналасқан. Ондағы температура, жел, радиация, топырақ құрамы, pH, құнарлылық деңгейі, топырақтағы су мөлшері, осмостық қысым, фотосинтез, жапырақтың түсу қарқыны, ағаштың өсу диаметрі сияқты мәліметтер секунд сайын тіркеліп отырады. Бұл процестің бәрін қолына планшет ұстағана бір ғана инженер арнайы сенсорлар арқылы бақылайды. Бір оқыс жағдай болып қалмаса, бұл бақылау жұмысы әдетте орманның емес, офистің ішінде жүргізіледі.
Францияның биология саласындағы мәліметтер базасы өте жақсы дамыған. Бұл ғалымдардың жұмысын әлдеқайда оңайлатады және зерттеу нәтижелерінің қате шықпауына септігін тигізеді. Ол мәліметтер базасында негізінен – биологиялық (флора мен фауна саны, жойылу қаупі бар биологиялық түрлер тізімі, зиянкес түрлер тізімі), экологиялық (климат өзгерісі, жауын-шашын), химиялық (топырақ pH, көміртек, азот, кальций, магний, калий, т.б. элементтердің табиғаттағы айналымы), географилық (координаталары, биіктігі), физикалық (температура, күн радиациясы) туралы мәлімет болады. Бұдан бөлек мәліметтер базасы қосымша өте көп ақпаратты қамтиды. Басқаша айтқанда, Францияның әрбір шаршы метрі зерттелген, зерттеліп жатыр және болашақтағы жай-күйін болжап қойған. Француз ғалымдары биология саласындағы мәліметтер базасын жасауды ІІ Дүниежүзілік соғыс бітісімен-ақ қолға ала бастаған. Шынымды айтсам, бакалаврда Қазақстанның биологиялық мәліметтер базасын қолданып ешқандай жұмыс жасамадық. Ол база жоқ шығар мүмкін. Жоқ болса – құрып, бар болса – жетілдіру қажет. Оны студенттерге қолданып, қалай жұмыс істеу қажеттігін көрсету керек.
Мәліметтер базасы дегеніміз – жүйе. Ортақ жүйе болмаса, ештеңеге анық көз жеткізе алмаймыз. Мәліметтер базасымен жұмыс істей алу үшін компьютермен дос болуға тура келеді. Құжынаған сандардан графика шығаратын, оның динамикасының себебін түсіндіріп беру оңай емес. Ол үшін статистикалық бағдарлама тілін (R, Python) меңгеруге тура келді. Бұл код жазу арқылы іске асатын кәдімгі бағдарламашының жұмысы. Одан бөлек геоинформатикалық жүйені (GIS) үйрену керек болды. Бірақ мұндағы әрбір биолог студенттің бойында бұл туралы техникалық білім бар. Жасыратыны жоқ, өкінішке орай, біздің біраз студенттер Excel мен Access-тің өзін жақсы білмейді.
Мені әсіресе мәліметтер базасымен жұмыс істеу қызықтырды. Себебі бұл қазақ биология ғылымының дамуына әсер етеді деп ойлаймын. Алдағы алты айда GIS негізінде құрылған мәліметтер базасы туралы тағылымдамадан өтемін. Бұл жұмыстың мақсаты әлемнің, Еуропаның, Францияның және оның жекелеген аудандарында жасалған мәліметтер базасының бәрін жинап, оларды сұрыптап, айырмашылығын, қателігін, кемшілігін, артықшылығын табу. Соңында іріктелген мықты мәліметтер базасы туралы ұсыныс жазамыз. Осыдан кейін зерттеуші ғалымдар қай базаны қолдансам екен деп бас қатырмайды, біздің ұсыныстарды назарға алады. Әлбетте бұл тек Франция аумағы үшін. Мен елге келген соң осы мәліметтер базасы мәселесімен айналысып, оқыған-көргендерімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырсам деймін.