АҚШ Мемлекеттік департаментінің кеше жария еткен мәліметінде, АҚШ-Оңтүстік Корея арасында қорғаныс шығынын бөлісу туралы келісімге келгені айтылды. Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскерлерінің қорғаныс шығындарын бөлісу мәселесінде екі тарап 10 мәрте келіссөз жүргізіп нақты нәтижеге жете алмаған болатын.
Мәлімдемеде: «Америка Құрама Штаттары мен Оңтүстік Корея арасында Кореядағы АҚШ әскерлерінің қорғаныс шығындарын бөлісу туралы жаңа арнайы келісімі жасалды. Тараптар өзге техникалық мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істемек», – делінген.
CNN телеарнасы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми тұлғаларының сөзіне сілтеме жасай отырып, жаңа келісім бойынша Оңтүстік Корея тарабы 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қорғаныс шығынын көтеретінін айтады. Тараптар нақты келісімге қол жеткізгенге дейін барлық шығындарды Оңтүстік Корея өтеп келген.
2014 жылдан бастап былтыр жыл соңына дейінгі мерзімге жасалған келісім бойынша, Оңтүстік Корея өз жеріндегі америкалық әскерлер үшін 848 млн доллар қаражат бөліп келген. Оңтүстік Кореяда АҚШ-тың 28 мың 500 әскері және 20-дан астам әскери базасы бар.
2014 жылғы келісімнің мерзімі аяқталған уақытта Құрама Штаттар Оңтүстік Кореядан 1,6 млрд АҚШ доллар көлеміндегі қорғаныс шығындарын мойнына алуды талап еткен. Алайда, бұл Оңтүстік Корея жағынан тойтарылды. АҚШ жалпы 20 млрд доллар көлеміндегі шығын үшін бұның ештеңе емес екенін айтқанымен, Оңтүстік Корея жерді пайдаланған үшін америкалықтардың ақы төлеп отырмағанын алға тартты.