Моңғолия депутаттары парламент спикерін қызметінен алып тастады.
Montsame ақпарат агенттігінің мәліметінше, қаңтар айының 29-ы күні өткен құпия дауыс беру барысында Моңғолия депутаттары парламент спикері Миэгомбын Энхболданы қызметінен алып тастаған. Дауыс беруге қатысқан 65 депутаттың 43-і Энхболданы мерзімінен бұрын қызметінен алып тастауды қолдаған.
2018 жылдың желтоқсан айында 39 депутат Энхболданың орнынан кетуін талап етіп, ашық хат жолдаған. Бірақ ол кезде парламент спикері депутаттардың бұл талабын орындаудан бас тартқан.
Қаңтар айының 10-ы күні ел астанасы Ұлан-Батырда Миэгомбын Энхболда мен оның жақтастары Моңғол халықтық партиясы және Демократиялық партия өкілдеріне қарсы митинг өткен. Бұған дейін премьер-министр Ухнаагинй Хурэлсух: «Миэгомбын Энхболда бастаған топ өздеріне кедергі жасағаны үшін ел үкіметін құлатпақ» - деп мәлімдеген.
Миэгомбын Энхболда 2018 жылдың 20 желтоқсан күні «60 миллиард төгірік» ісінде аты аталдған үшін этикалық жауапкершілікке тартылған. Оның алдында БАҚ беттерінде Моңғолия халықтық партиясы өкілдерінің мемлекеттік қызметтерді сату арқылы 60 миллиард төгірік қаржы табуға болатындығы жөнінде талқылаған аудиожазба жарияланған.
"The Qazaq Times"