АҚШ билігі венесуэлалық PDVSA (Petroleos de Venezuela) мұнай-газ компаниясына қарсы санкция салуға дайындалуда. Бұл туралы Ақ Үйде өткен баспасөз-конференциясы кезінде АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Роберт Болтон (John Robert Bolton) және қаржы министрлігінің басшысы Стивен Мнучина хабарлады.
Мнучинаның сөзінше, аталған санкция PDVSA компаниясының барлық активтеріне шектеу қоймақ. Сонымен қатар, серіктестік танытқан өзге де шет елдік компаниялардың ары қарай жұмыс жасауына тыйым салмақшы.
Осыдан кейін, Жон Болтан Латын америкасында болып жатқан оқиғаға байланысты Николас Мадуро Вашинтонның алдында өзінің легитимділігін жоғалтқандығын хабарлады. Бұдан бөлек, Америка Құрама Штаттары Венесуэланың уақытша президенті Хуан Гуаидоны қолдайтындығын жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, Каракастағы билікке қарсы митинг барысында Венесуэланың Ұлттық ассамблея басшысы Хуан Гуаидо өзін уақытша президент ретінде жариялап, ант қабылдаған болатын. Ал, Гуаидоны ең алғаш президент ретінде мойындаған Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін, Николас Мадуро АҚШ елімен барлық қарым-қатынастың үзілгендігін айтып, американың Венесуэладағы дипломатиялық өкілдеріне шекарадан шығып кету үшін 72 сағат уақыт берген. .
Қазіргі таңда Николас Мадуроға Қытай, Ресей, Түркия сынды мемлекеттер қолдау білдіруде. Сол секілді Ресейдің әскери жасағы да мұхит асып Венесуэла маңына жиналды.
2018 жылдың 20 мамырында Венесуэлада кезектен тыс президент сайлауы өтті. Дауыс беру қорытындысына сай, Николас Мадуро өзінің президенттік лауазымын тағы да 6 жылға ұзартқан. Ал, 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап Мадуроның жаңа мерзімі басталуы тиіс еді. Бірақ, Латын Америкасының бірнеше елдері мен Канада сайлаудың халықаралық стандартқа сай өтпегендігін мәлімдеді. Осыдан кейін Венесуэлада халық пен билік арасындағы қақтығыс орын алды. 23 қаңтар күні басталған наразылық шеруден 20-дан астам Венесуэла азаматы қаза тапқан.