Батыс Ресей мұнайын сатып алуға тосқауыл қоятын болса, Ресей Еуропаға жеткізіліп жатқан газын да тоқтатып тастайтынын мәлімдеді. Осы жөнінде айтқан Ресей вице-премьері Александр Новак: «Ресей мұнайынан бас тарту жаһандық нарыққа күйретуші апат алып келеді», – деген.
Өздеріңізге белгілі болғандай, Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты АҚШ өздерінің серіктерін орыс мұнайынан бас тартуға шақырып жатқан болатын. Алайда, жаһандық нарықта Ресей мұнай мен газының өзіндік орыны бар. Қазірдің өзінде Ресей шикі мұнай бойынша әлемде екінші орынды, ал табиғи газ бойынша әлемде бірінші тұрған мемлекет.
Новактың айтысынша, Ресей мұнайына шектеу қойылған жағдайда жаһандық энергия нарығында бағалар шарықтап, қазіргіден екі есеге дейін өсіп кетуі мүмкін. Оның есебіне сенсек мұнайдың әр баррелі 300 АҚШ долларына тең болуы мүмкін екен.
АҚШ-тың Ресей мұнайынан бас тарту немесе тосқауыл қою жоспары ауқымды болғанымен, оның жүзеге асуында бірқатар нақты кедергілер бар. Айталық, Еуропа одағы мұнайдың 40 пайызын, газдың 30 пайызын Ресейден кіргізеді. Қысқа уақытта дәл осындай көлемдегі мұнай мен газдың балама көздерін тауып алу Еуропа үшін тым қиын. Мүлде балама көзі жоқ дегенді білдірмейді, бірақ Еуропа шартына, стандартына сай энергия көзін тауып онымен келісімге келіп болу біршама ұзақ процесті қажет етеді.
Егер, Ресей расында өзі айтқандай жауап қадамын жасайтын болса, бұл Еуропадағы ауыр энергия дағдарысына алып келуі де ғажап емес. Кеше, 7 наурыз күні Германия мен Голландия (Нидерланд) бұл жоспарға қарсылығын білдірді.
Жалпы, Ресейдің мұнайы мен газына шектеу қою туралы Украина билігі де Еуропа мен АҚШ-қа өтініш еткен. Ал, Батыс елдері бағалардың аспандау кетуінен алаңдап ондай қадамға батылдық ете алмай отыр. Кеше мұнай бағасы әр барреліне 139 долларға дейін жетіп, соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
Қазірше Еуропадағы ірі елдер Ресей энергиясынан біртіндеп бас тарту міндетін алды. Бұл анығында Ресей мұнай-газының баламасы табылғанға дейінгі шаралар болуы да мүмкін.