Батыс ақпарат құралдарында, соның ішінде moderndiplomacy.eu сынды беделді интернет басылымдары мен BBC сынды ықпалды ақпараттық агенттіктер орта азиялық жиһадшылар «әл-Каидаға» адал қызмет етуге ант бере бастағаны туралы айтылуда. Бұл Ауғанстан жағдайына, сондай-ақ соңғы кездегі Орта Шығыс мәселесіне байланысты Орта Азияға жаңа сынақтардың келе жатқанынан хабар береді.

Орта Азиядан шыққан жиһадшы қарулы топтар туралы осыдан бұрын да жазған едік. Орта Азиядан шыққан террорлық топтар туралы АҚШ-тағы діни экстремизм бойынша зерттеуші қырғызстандық Уран Ботабеков ақпарат құралдарына арнайы мақала жариялаған. (moderndiplomacy.eu/BBC.com) «Катиба таухид уәл жиһад» (ары қарай КТЖ) деп аталатын террорлық топты Қырғызстанның тумасы өзбек азаматы Абду Салах (Абду Салох) жетекшілік етеді. Олар 2015 жылдан бері Сүрия жерінде Башар Асад режиміне қарсы соғыстарға қатысып келеді. Абду Салах жетекшілік еткен Орта Азиядан жиналған жиһадшылар тобы Сүрия мен Ирак жеріндегі террорлық топтар арасында өзінің соғыскер, жанкештілігімен танымал.

КТЖ жетекшісі Абду Салах. Фото;AsiaTerra.

Қаңтар айының бас шенінде орта азиялық террорлық топ КТЖ «әл-Каиданың» қазіргі жетекшісі Айман әл-Завахариге жұрт алдында ант бергені жазылған аудио тарады. Бұл аудио жазбада Абду Салах жиһад арқылы ислам жауларына қарсы тұруға шақырған сөздері жазылған. Бұл жазбалар КТЖ-ның белсенді жұмыс істеп тұрған әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тараған. Аталған орта азиялық қарулы топ 2015 жылы да «әл-Каидаға» қызмет етуге ант бергені туралы осындай видео жазбалар жариялаған. Кезекті жағдай оның «әл-Каидамен» тіпті де жақындаса түскенінен дерек береді.

Ықпалды халықаралық террорлық ұйым «әл-Каидаға» ант берген орта азиялық жиһадшылар тобы бір ғана КТЖ емес, олардан тыс «Катибат Имам әл-Бұхари» (КИБ) мен Түркістан Ислам Партиясы (ТИП) қатарлы қарулы топтар да ант беруде бар. Қазіргі кезде бұл аталған топтар Сүрияның Идлиб аймағында жиһадшылардың сүниттік тобы Хаят Тахрир әс-Шамның (ХТШ) қатарында Башар Асад үкіметіне қарсы соғысуда.

ХТЖ террорлық тобының қарулы содырлары. Фото; MODERNDIPLOMACY.EU.

ХТШ болса өзін «әл-Каидамен» байланысы жоқ, ұстанымы ұқсамайтын дербес ұйым ретінде көрсетуге тырысады. Алайда, ол жетекшілік еткен Орта Азиядан шыққан террорлық топтар «әл-Каидаға» қызмет етуге ант беруде. ХТШ бұлармен мәмілесін үзгенін айтқанымен, У. Ботобеков бастаған зерттеушілер бұған күмәнмен қарайды.

Тақырыпқа Шынжаң мәселесінің де қатысы бар

Орта азиялық салафиттік-жиһадтық топтары «әл-Каидамен» бірлесуі екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы, 90-шы жылдарда басталған. Ол кезде Ауғанстанда басталған Шығыс Түркістан ислам қозғалысы мен Өзбекстандағы ислам қозғалыстарының салафит жиһадшылары «әл-Каидаға» ант беріскен. Ал, сол кезде «әл-Каиданың» пост-кеңестік Орта Азия мен Қытайдың Шынжаң аймағындағы идеологиялық жүрістеріне сол кездегі ұйым жетекшісі Усама бин Ладен жетекшілік етіп отырған. «Шығыс Түркістан ислам қозғалысының» жетекшісі Абул Хак 2005 жылы «әл-Каиданың» маңызды лауазымдыларының бірі болған.

Орта Азия жиһадшыларының әл-Каидаға қосылуының екінші кезеңі Сүрия соғысы басталған кезең деуге болады. У. Ботобековтың көрсетуінше әл-Каидада пропаганда және финанс істеріне жауапты терроршы Абу Катада әл-Филистини Орта Азия террорлық топтарының әл-Каидаға қосылуына маңызды рөл атқарған. Қазір әл-Каида құрамында  2 мыңнан аса ұйғыр, өзбек, қырғыз және тәжік жиһатшылары бар. Бұлардың қатарында Қазақстаннан барған жиһатшылардың бар-жоғы туралы анық дерек жоқ. Бірақ, бұл мүмкіндікті жоққа шығаруға болмайды.

Әл-Каиданың «ислам жауларына» қарсы үгіт-насихаттары арасында мұсылман еместердің, исламнан бет бұрғандардың, сондай-ақ, еврейлердің әйелдері мен балаларын өлтіруге шақыру сынды қауіпті тармақтары бар. Бұл насихаттардың басым көбін жоғарыда аталған әл-Филистини жүргізеді. Сондай-ақ, ұйымның қазіргі жетекшісі әл-Завахаридің бағдарламасында Иерусалимді Израильден тартып алу сынды ауқымды мәселелер де бар.

Террорлық топтардың жаппай Ауғанстанға шегініс жасау, сондай-ақ, Ауғанстанда болып жатқан өзгерістер Орта Азияға сақтық дабылын қағады. Орта Азияның жиһадтық топтары аталған террорлық ұйымдар ішінде жүріп өз жерлестерін экстремистік қарулы топтарға шақыра алатынын ескерген жөн. Ауғанстандағы дүрбелеңге толы жағдайлар дағдылы атыс-шабыс пен талас-тартыс секілді көрінгенімен, ондағы жағдайды жіті бақылау Орта Азия елдерінің қай-қайсысына да ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

“The Qazaq Times”