АҚШ-тағы дін және саясаттанушы Урбан Ботобеков BBC-ге жариялаған мақаласында Орталық Азияда «әл-Каиданың» идеологиясын қолдаушы жиһадшы салафиттердің дың барған сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Олар Усама бин Ладен мен Айман әл Завахаридың антиамерикалық, антиизраильдік және антисемиттік көзқарастарды қолдайтын күресті жалғастырмақ. Аталған мақалада «әл-Каида» идеологиясының басты мұргері болып, «Катибат әл-Таухид уәл Жихад» деп аталатын негізінен ферғаналық өзбектерден тұратын қарулы топтар екені айтылған.

Мақалада айтылуынша, аталған топ негізін Қырғызстанда туылған Абу Салах (шын аты Сирожиддин Мұхтаров) 2014 жылы Сүрияда қалаған. Бұл топтың құрамына «Өзбекстан Ислам қозғалысы», «Катибат әл-Бұхари» және «Түркістан Ислам партиясының» шашыраған қарулы содырлары топтасқан. Бұл қарулы топ  Сүрияның Идлиб провинциясында Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан «Хейат Тахир әл-Шам» деп аталған көтерілісші топпен байланыста болғаны үшін «Әл-Каиданың» қолдауына ие болған. Мәліметке қарағанда қазір Абу Салахтың аталмыш қарулы тобы, Таяу-Шығыс жеріне Орталық Азиядан барған жиһадшы-салафиттердің арасындағы ең соғыскер әрі ең күшті қаруланған тобы болып табылады.

Шын мәнісінде Орталық Азия елдерінің, Ресейдің, Қытайдың Шынжаң аймағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндірген «Катибат әл-Таухид уәл Жихад» ұйымының соғыс қуаты емес. Қайта осы ұйымның идеологиялық доктринасында болып отыр. Айталық, «Катибат әл-Таухид уәл Жихад» өзінің идеологиясына қоса «әл-Каиданың» идеологияларын әлемдік деңгейде таратуда.

Топтың жетекшісі Абу Салах өзбек, ұйғыр, орыс және араб тілін еркін сөйлейді. 2000 жылдары Сүриядағы «әл-Фатах әл-Исламия» атты ислам университетін оқыған. Осы ортада ол салафизм, ваххабизм қатарлы діни радикал ағымдардың негіздеушілері болған Ибн Таймийм және Абд әл-Вахаббтың теологиялық еңбектерін оқып, «әл-Каиданың» идеологиялық қолдаушысына айналған. Университетті бітіргеннен кейін Қырғызстанға қайтып келіп, Ош облысындағы мешіттердің бірінде имамның көмекшісі болып істеген. Абу Салах Орталық Азиядағы белгілі дін уағызшысы, діни экстремистік материалдарды таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған Рашид Кари Камаловпен де тығыз қарым-қатынаста болған.

BBC-дегі аталған мақаланың авторы Урбан Ботобеков өзінің радикалды ислам идеологиясын зерттеуші ретінде Абу Салахпен Ферғана жерінде бірнеше рет жолығып, салафизм мен ваххабизм идеологиясының зияны туралы пікір таласып қалғаны туралы айтады.

Радикал ағымға берілген Абу Салах 2012 жылы Сүрияға қайтып барып, «Катибат имам әл-Бұхари» террорлық ұйымына кірген. Құран туралы білімі мол, лидерлік қабілеті бар, әрі бірнеше тілді жеттік білетін Абу Салах бірден суырылып алға шығып, маджахедтердің рухани көсеміне айналып шыға келеді. Сүрия үкімет күштерімен болған шайқаста ол көзінен жарақат алып, Түркияның Газиантеп қаласында емделген. 2014 жылы Абу Салах «Катибат имам әл-Бұхари» тобынан шығып, өзінің ұйымын жасақтайды және оған «Катибат әл-Таухид уәл Жихад» деген ат береді. Құрамында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Шынжаңның кейбір аудандарынан келген ұйғырлар кірген жаңа топ «әл-Каиданың» бөлімше ұйымдарының бірі болып қалыптасады.

Қауіпті жайттердің бірі Абу Салах өзінің пропагандистік сөздерін, әсіресе ұйымдағы содырлардың Сүриядағы соғыс әрекеттері туралы әңгімелерін Телеграм, Facebook, VK,  Одноклассники және YouTube секілді әлеуметтік желілерде үнемі таратып тұрады. Бір ғана Telegram әлеуметтік желісінде Jihod Shomaly (Жиһад самалы) деген парақшамен және Tavhid Xabarlari (Таухид хабарлары),  Абу Salohdarsliklary (Абу Салах лекциялары), Saad Muhtor, Golos Shama (Шам дауысы) деген аккаунттармен оның 200-ден астам аудио және видеолары тарап жатыр. Telegram желісіндегі парақшасына жазылушылардың өзі бірнеше мыңнан асады. Ал оның бұл желідегі жабық парақшасында да бірнеше мыңдаған жазылушылар бар.

Урбан Ботобеков мақаласында, «Абу Салахтың аудио және видео уағыздарынан оның Құран мен имам әл-Бұхаридың хадистерін жатқа білетінін байқауға болады. Ол өзінің ойын образды әрі өткір айта алады. Осы арқылы моджахеттердің жанкештілеріне шабыт береді»,– деп көрсеткен. Және оны шешендік өнерде Орталық Азиядан шыққан террористер арасында алдына жан салмайтынын айтқан. Оның жетекшілігіндегі ұйым осыған дейін бірнеше елде жарылыс ұйымдастырған.

Абу Салах бин Ладенді исламның ықпалы үшін жанын берген батыр ретінде дәріптеп, «әл-Каиданы» Батыстың «крест көтерген» күштеріне қарсы тұратын моделі ретінде қарайды. Ол өзінің идеологиялық ісінде «әл-Каиданың» стилін, хабар тарату әдісі мен формаларын шеберлікпен пайдаланып отырғаны байқалады. Сондықтан да оның соңына ерген топ қазір әлемдегі жиһадшы топтар арасында алдынғы қатарға шығып отыр. Сүрия мен Ирак жеріндегі «Халифаттың» құлап, «Ислам мемлекетінің» жанкешті содырлары барған сайын азайып жатқанына қарамастан, Абу Салахқа ерушілер саны күннен күнге көбейіп келеді. Бұл Орта Азия елдеріне үлкен дабыл болып қағылды.

“The Qazaq Times”