Қытай экономикасына қатысты көптеген жағымсыз мәліметтерге байланысты, сол елдің премьер-министрі Ли Кычяң (Ли Кэцян ) 14 қаңтар күні Мемлекеттік Кеңестің пленарлық отырысында баяндама жасап, экономиканың құлдырау қысымына төтеп беру үшін, экономикалық өсімді «лайықты кеңістікке» бағыттау керек дегенді ортаға салды.
Қытай премьерінің айтуынша, 2019 жылы Қытайдың экономикалық даму кеңістігі қайшылыққа толы болып, қиыншылықтар көбейеді және экономикалық құлдырау қысымына тап болмақ. Ли Кычяң жоғарыдай айтылғандай экономикалық өсімнің «лайықты кеңістігі» деген не екенін ашалап айтқан жоқ. Бірақ ол былтыр Қытайдың экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі мақсаттары мен міндеттері діттеген мақсатына жеткенін әрі, бұл нәтиженің оңай қолға келмегенін атап өткен.
Кешегі күні Қытайдың бірқатар маңызды салалары маңызды статистикалық мәліметтерді жария етіп, Қытай экономикасы дөп келіп отырған мәселелерді анық аңғартқандай болды. Қытай Кеден саласы да жариялаған мәліметтерге қарағанда, желтоқсан айында елдің импорты мен экспорт мөлшері қатарынан құлдыраған. Айталық, импорт 7,6 пайызға төмендеп, соңғы екі жарым жылдағы ең төменгі көрсеткішке түскен. Ал, экспорты 4,4 пайызға төмендеп, соңғы екі жылдағы ең үлкен құлдырау нәтижесін танытқан.
Қытайдың импорт-экспортының құлдырайтыны осыған дейін де айтылып келген, бірақ нәтижесі күтілген шамадан асып кеткен. Дегенмен, Қытай желтоқсан айындағы саудалық профицитін 57,06 млрд. АҚШ долларына дейін өсірген.
Қытай Автокөлік өндірушілер қауымдастығы да дүйсенбі күні бірқатар мәліметтерді жария етті. Бұл мәліметтерде айтылуынша 2018 жылы Қытайда 23,71 миллион дана жеңіл автокөлік сатылған. 2017 жылы 24,72 млн сату көрсеткішімен салыстырғанда 4,1 пайызға азайған. Бұл Қытайдың автокөлік сату саласындағы 1990 жылдан бергі алғаш реткі құлдырау. Бұл мәліметтер әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын Қытай экономикасының өсу қарқынының баяулап қалғанын анық аңғартады. Бұған дейін Apple, Samsung, Land Rover және басқа да халықаралық танымал өндірушілер бұл жағдайдың Қытайдың экономикалық өсіміне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін ескертіп келген.
Қытай премьері Ли Кычяң аталған баяндамасында әлі де құрылымдық реформаларды жетілдіруді жалғастыру керек екенін атап өткен. Бірақ ол «жойқын су тасқынын» болдырмау үшін және экономикалық өсімнің төмендеуінен болатын қысымға төтеп беру үшін нарықтағы «тіршілік қуатына» сүйену керек екенін алға тартқан. Дегенмен, Financial Times басылымының хабарында, Қытайдың экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үкіметтік несие беру мен кең көлемді инфрақұрылымды жебеу сынды ескі сүрдекке қайта түсіп отырғанын жазған. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, былтыр жыл соңында Қытайдың қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 300 пайызына жеткен.
Reuters агенттігінің болжауына сенсек, Қытай биыл наурыз айындағы Жалпы халықтық құрылтайында (Ұлттық халықтық конгресс) 2019 жылы елдің жалпы экономикалық өсім көрсеткіші 6-6,5 пайызға дейін төмендейтінін ашық жариялауы мүмкін. Егер солай болған жағдайда, онда бұл Қытай экономикалық өсімінің 28 жылдағы ең төменгі деңгейге түскенін анық көрсетіп береді.