АҚШ-тың Тайуандағы (Тавань) қауымдастығы (American Association of Taiwan/AIT) бейсенбі күні мәлімдеме жасап, Бейжің билігін мәжбүрлеу мен қысымды тоқтатып, Тайуанмен диалогты қалпына келтіруге шақырды.
Қытай басшысының Тайуан туралы пікіріне жауап ретінде, АҚШ-тың Тайуандағы қауымдастығының баспасөз хатшысы Аманда Мансоур ханым: «Бұғаздың екі жағалауы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа мүдделі. Кез-келген қайшылықтарды шешуде екі жағалау тұрғындарының талап-тілектеріне негізделу керек», – деді.
Оның айтуынша Құрама Штат тарабы әлде қашан Бейжіңге жоғары қысымды тоқтатып, Тайуан үкіметімен байланысты қалпына келтіру талабын қойған. Тайуандағы АҚШ қауымдастығының аталған мәлімдемесінен бұрын, Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Кеңесінің өкілі Гаррет Маркуис Твиттер арқылы: «Құрама Штат Тайуан халқына қарата әскери күш қолдануға түбегейлі қарсы. Тараптар арасындағы қайшылықты реттеу бейбіт түрде жүргізілуін қолдайды. Тайуандықтардың талап-тілегіне құрмет етілуін басты назарға ұстаймыз», – деп мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, Қытай басшысы 2 қаңтар күні Тайуан ҚХР-мен бірігуі керек екенін, әрі солай болатынын, бұл үшін әскери күш қолданудан да тайынбайтынын айтқан. Бұл Тайуан үкіметі мен тұрғындары жағынан және әлемнің бірқатар елінің наразылығын қозғады.