Кеше, 10 қаңтар, Алматыда елге келген қандастардың азаматтық алу және құжаттық жұмыстарын жеңілдету мәселесі бойынша «Elamanaty» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Төртеу түгел болса» атты дөңгелек үстел өтті.

Елге келген қандастардың құжат тапсыруда және азаматтық алудағы қиыншылықтарын тақырып еткен жиналысқа Қазақстан халық жазушысы Қабдеш Жүмәділов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаммеджан бастаған зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шараны ұйымдастырушы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тоқтасын Рысбек бірлестік атынан қандастардың құжат рәсімдеудегі кездесетін нақты қиыншылықтарын және соған қатысты мемлекеттік мекемелерге 6 түрлі ұсынысын қойды. Сонымен қатар ұсыныстарын дөңгелек үстел талқысына салды.

Жазушы Қабдеш Жүмәділов үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын сынға алды. Фото: QT,

Алматы қалалық Еңбек инспекциясы және көші-қон бөлімі, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы және Көші-қон полициясы қатарлы мемлекеттік мекемелерден өкілдер шақырылған. Алайда, тікелей көші-қон ісіне қатысты отырысқа Көші-қон полициясының өкілдері келмей қалды. Аталған құзырлы орынның бұған дейін де қандастар мәселесін талқыға салған үстелден көріне бермейтінін айтқымыз келеді.

Қалалық Көші-қон полициясының өкіліне берілген орын бос тұрды. Фото: QT,

Жазушы Қабдеш Жүмәділов елге келген және шетелдегі қазақтарға қорған болу Қазақстан үкіметінің міндеті екенін айта келіп: «60-шы жылдардың бас шенінде Қытайдан 200 мыңнан аса қазақ Қазақстанға қоныс аударды. Сол тұста құжаттарды рәсімдеуде мұндай әурешіліктің бірі де болған жоқ. Қоныстанған аудандарға қатысты мекемелердің қызметкерлері өздері келіп, біртұтас тізімге алып, рәсімдеп кетті де жарты жылға жетпей тұтас қоныс аударып келгендерге «удостоверениесін» қолдарына бере салды. Кеңес одағынан сақ, Кеңес одағының КГБ-сінен өткен секемшіл ешкім жоқ, сонда да құжаттау, азаматтығын беру жұмыстарын солай жасады. Сол кезде қоныс аударған қазақтар да сенімді ақтады, бір де біреуінен шикілік шыққан жоқ, бәрі де таза болды.  Бүгін одан да жақсы жағдайдамыз дейміз, Кеңес одағының бұл тәжрибесін қолдануға әбден болар еді ғой», – дейді қайраткер қаламгер.

Қалалық Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының өкілі Усабек Оразханұлы.

Талқы отырысында Алматы қалалық Еңбек инспекциясы және көші-қон бөлімінің өкілі Усабек Оразханұлы сөз алып, аталған мекеменің қызметімен таныстырып өтті. «Біздің басқарма Алматы қаласындағы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, соның ішінде көші-қон бөлімі арнаулы «Оралман куәлігін беру мемлекеттік қызметін» көрсетеміз. Бұл құжат шетелден келген қандастарымыз  Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін беріледі. Құжатты алу үшін қандастарымызға көп қиыншылықтар жоқ, өзінің жеке куәлігі мен қазақ екенін растайтын құжаттары арқылы 5 жұмыс күнінде өзі тұрған өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады», – деді.

Ол сондай-ақ, Көші-қон туралы заңға соңғы енген өзгерістерге (16 сәуір 2018 жыл) сәйкес оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен жағдайда 6 ай ішінде 1 мәрте 3 айға ұзартып берілетінін айтты. Алдағы уақытта да көші-қонға байланысты заңдарға жаңа өзгерістер енуі мүмкін екенін, қандастардың азаматтық алу жұмыстарына жеңілдіктер болатынына сенімін білдірді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылардың құжаттық мәселелердегі сұрақтарына жауап берді.

"Еламанаты" бірлестігі алты түрлі ұсынысты ортаға салды.

“The Qazaq Times ”